363.61 436.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Каспий маңы елдерінің Сыртқы істер министрлері арнайы жұмыс тобының отырысы өтті

  • 132

Ақтау саммиті алдында Каспий маңы елдерінің Сыртқы істер министрлері арнайы жұмыс тобының отырысы өтті.

Кездесуге Қазақстан, Ресей, Түркіменстан, Иран және Әзірбайжан елдерінің өкілдері тыңғылықты дайындықпен келген. Стратегиялық тұрғыдан алғанда тараптар үшін Конвенция аса маңызды. Ертең бес президенттің қолы қойылатын құжат өзара ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің бастауы болмақ. Нәтижесінде биылдан бастап Каспий маңы елдерінің өзара ынтымағы артып, экономиканың дамуына тың серпін береді деп айтуға негіз бар.

Талғат Исламұлы, twitter@Talkin_84:

- Күні кеше Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау бойынша бірлесе, нәтижелі еңбек еткен арнайы жұмыс тобының қорытынды отырысы өтті. Тараптар өзара түсіністік туралы бірлескен коммюнике қабылдады. Ал бүгін бес мемлекеттің Сыртқы істер министрлері бас қосады. Яғни Конвенция мәтініне президенттер қол қоймас бұрын Үкімет басшылары шолу жасайды. Жан-жақты пысықтап, соңғы өзгерістер мен түзетулерді енгізеді. Осы бағытта бірнеше жыл табанды тер төккен арнайы жұмыс тобының мүшелері бұл кездесудің жоғары деңгейде өткенін айтып отыр.

Жұмабек Сарабеков, ҚР тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы институт сарапшысы:

Бұл үлкен саяси-экономикалық маңызы бар құжат. Себебі бүгінде барлық Каспий жағалауында орналасқан мемлекеттер үшін бұл теңіздің тұрақты және қауіпсіз сипатта дамығандығына барлығы да мүдделі. Сондықтан осы Конвенцияға қол қойылу жақындап қалды. Конвенция Қазақстанға не береді? Біріншіден, ол Қазақстан үшін Каспий арқылы транзиттік коридорды ретке келтіру және Қазақстанның транзиттік әлеуетін жүзеге асыруға бірден-бір алғышарт. Себебі ертеңгі кездесуде экономика және транспорт саласындағы келісімдерге қол қойылуы жоспарлануда. Ол Конвенциядан бөлек.

Талғат Исламұлы, twitter@Talkin_84:

Сарапшы тілге тиек еткен бұл келісімдер бірінші кезекте Маңғыстау өңірінің дамуына қарқын қосып, теңіз арқылы жүк қабылдау-өткізу әлеуетін арттырары сөзсіз. Қазақ елі үшін Каспий маңындағы аймақтың тарихи, мәдени, рухани-идеологиялық, геосаяси маңызы ерекше. Шалғай өңір «Нұрлы жол» бағдарламасының нәтижелі жүзеге асуына орай ірі көлік-логистикалық орталыққа айналды. Ақтауда әуе, көлік, темір жолдары, паром және теңіз қатынастарының желілері тоғысқан. Облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі бір жылда 99,2%-дан 104,4%-ға өсті. Өнеркәсіптің негізгі индексі 101,2%. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция үлесі 6%-ға артып, 256 миллиард теңгеге жетті.

Талғат Жұмағұлов, ҚР СІМ халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы:

- Ақтау – қазақ елінің теңіз қақпасы. Осы ретте Маңғыстау өңірі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау жолында маңызды рөл атқарады. Тарихи келісімдер бекіген соң аймақтың келбеті өзгеріп, әлеуеті артады. Тағы бір басым бағыт саммитті 400-ге тарта БАҚ әлемге жариялайды. Олардың қатарында беделді басылымдар бар. Бұл өз кезегінде өлкенің туристік әлеуетін жаһанға жарнамалап, экономикасының өрлеуіне жол ашарына сенемін.

Талғат Исламұлы, twitter@Talkin_84

- Осымен 8-ші рет өтетін халықаралық жиынға қатысушылар ертеңгі президенттер кездесуінің күн тәртібін әзірлейді. Негізінен үш тақырып қамтылады деп күтілуде. Біріншісі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау. Келесі бағыт көлік транзиті, экономика, экология салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру. Мұнан бөлек, аймақтық және халықаралық деңгейдегі өзекті сауалдар да қамтылмақ.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Мирас Нарымбет

Хабар 24 телеарнасы