352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Келесі жылы Каспий жағалауы елдерінің жүк тасымалы екі есеге артады

  • 119

Қазақстан мен Каспий жағалауы елдерінің арасындағы жүк айналымының көлемі келер жылы 2 есеге артып, 200 млн тоннадан асуы тиіс.

Ал биыл бұл меже 130 млн тоннаға жетуі мүмкін. Бұған Ақтау саммиті аясында көлік саласы бойынша орнаған ынтымақтастық туралы Үкіметаралық келісім ықпал етпек.

Күні кеше Ақтау саммиті өтті. Соған қарамастан мамандар қол қойылған құжаттардың берер нәтижесін есептеп үлгерген. Каспийдің құқықтық мәртебесінің анықталуы оны жағалай орналасқан мемлекеттердің қай-қайсысына да тиімді. Бұл құжат Каспий бестігіне мүше 5 мемлекеттің экономикасына қан жүгіртіп, алыс-берістің ұлғаюына мүмкіндік береді. Әсіресе, теңіз арқылы жүк тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасалмақ.

Гүлшат Дауешова, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі комитетінің бас сарапшысы:

- Әр мемлекет тарифті белгілеу кезінде өздерінің көлік түрлеріне, мәселен, кеме қатынасына төмен тариф бекіткен. Ал шетелдік кемелерге  тариф құнын 2-3 есе қымбат етіп белгілеген. Енді келісімге сәйкес барлық тасымалдаушыларға бірдей жағдай жасалады. Әрі тариф құны төмендейді.

Әрине, мұндай ықпалдастық Қазақстанға да тиімді. Жуырда ғана Құрық мультимодальді торабы толыққанды іске қосылғанын ескерсек, жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік бар.

Әсел Назарбетова, ҚСЗИ ақпараттық-талдау жұмысы бөлімінің басшысы:

- Қазақстанға үлкен қолайлы жағдай туғызып отырғаны, бұл теңіз арқылы Үнді мұхитқа шығуға, Парсы шығанағы арқылы теңіздерге шығуға мүмкіндік алып отыр. Яғни осы 5 мемлекет Каспий маңының мемлекеттері Каспий теңізі арқылы еркін кеме жүргізуге, сол кемелермен еркін тасымалдауға үлкен мүмкіндік туып отыр.

Сарапшылар конвенция ауқымды жобаларға инвестиция тартуға да ықпал етеді деп отыр. Себебі бұған дейін құқықтық негіз болмағандықтан қалталылар Каспий теңізі бойындағы ірі жобаларды қаржыландыруға күмәнмен қараған екен. Ал енді алаңдауға себеп жоқ. Инвесторлар мән беретін тағы бір мәселе ол – қауіпсіздік.

Санат Көшкімбаев, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:

- Конвенцияда қауіпсіздік мәселесі кеңінен көрініс тапты. Тек қана Каспий бестігі ғана осы конвенцияның негізінде теңіз аймағында әскери-саяси белсенді бола алады. Ал, өңірдегі өзге мемлекеттердің ондай құқы жоқ. Осылайша, Каспий бестігі өзінің мүддесін бекітті.

Қарт Каспийдің қойнауы тек мұнайға ғана толы емес, ауқаттылар талғап жейтін бекіренің әлемдік қорының 90%-ы тіршілік етеді. Сондықтан конвенцияда теңіздің биологиялық байлықтарын сақтай отырып, қоршаған ортаны қорғау мәселесі де ескерусіз қалмады. Сарапшылар бұл шаралар орынды екенін алға тартып, Ақтау саммитін тарихи оқиғаға балады.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы