352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Каспий теңізінің 29 пайызы Қазақстанның үлесінде

  • 192

Ақтауда бес ел – Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран және Түрікменстан басшылары «Каспий конвенциясына» қол қойды. Бұл құжат «Каспийдің конституциясы» аталып кетті. Себебі конвенцияда теңіздің құқықтық мәртебесі айқындалған.

Құжатқа бір күнде қол қойыла салған жоқ. Тараптар 20 жылдан астам уақыт өзара келіссөз жүргізіп, ақыры ортақ мәмілеге келді. Енді қандай келісім болғандығын тарқатайық. Бір анығы, теңізге бес мемлекеттен басқа елдің әскерін орналастыруға тыйым салынып, оны тек экономикалық мақсатта игеру жөнінде келісім бекіді.

Конвенция Каспий маңы елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Төтенше жағдайлардың алдын алып, теңіздің табиғи қазынасын қорғайды және экономикалық сипаттағы рөлін арттырады. Бұл бір емес, қарт Каспийдің қызығын көретін бақандай бес елге де аса маңызды болып отыр.

Әділхан Гадельшиев, Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының ғылыми қызметкері:

- Бұған дейін 5 ел Каспийдің қызығын көріп келді. Бірақ шекаралар қағаз жүзінде бекімеген. Енді бөлінген аумақтар арқылы бестік теңізден ризығын алады. Әсіресе, балық аулау мәселесі халықаралық деңгейде реттеледі. Шабақтарды көбейту ісі жолға қойылады.

Айтқандай-ақ, конвенция бес мемлекеттің балық аулау кəсібіне ерекше құқық береді. Әбден сараланып, сарапталған 20 жылдық құжат елдер арасында көлік инфрақұрылымын дамытып, өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға сеп болмақ.

Анастасия Решетняк, Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері:

Конвенциядан бөлек, саммит барысында аса маңызды құжаттарға қол қойылды. Енді бес ел терроризммен күресте бірігіп, биоресурстарды тиімді пайдалану ісінде өзара әріптестікпен әрекет етеді. Бұл теңізді жағалай орналасқан мемлекеттердің қарым-қатынасын арттырады. Яғни осы тұрғыда Каспий елдерді біріктіретін «алтын көпірге» айналып отыр.

Каспий жер шарындағы ең үлкен су бассейні. Теңіздің 29%-ы Қазақстанның үлесінде. Бұл пұшпақтай ғана емес, әжептәуір бөлік. Сондықтан теңіздегі тұрақтылық ең алдымен өзге емес, өзіміз үшін қажет. Осыны ескеріп, Елбасы теңіздегі еншімізді құжатпен бекітіп, шегендеп алды! Енді алып айдындағы табиғи байлық, ресурсқа әр ел белгіленген аумағы бойынша иелік етіп, сыбағасын алады. Бұған 20 жыл бойы «иленіп, иіні қанған» құжат кепіл.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы