359.76 423.70 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтау саммитінде 7 құжатқа қол қойылды

  • 141

2002 жылдан бері 4 мәрте өткен Каспий саммитінде 9 құжатқа қол қойылса, Ақтаудағы жиында 7 келісім бекіді.

«Бұл Ақтау саммитінің аса маңызды болғандығын» айғақтайды. Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров қазақ жеріндегі тарихи оқиғаны осылай бағалады.

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:

- 5 ел президенттері бұқаралық ақпарат құралдарына бұл самиттің аса зор маңызға ие екендігін айтты. Тіпті мұны тарихи оқиға деп атады. Себебі жылдар бойы қат-қат құжаттар сарапталып, келіссөздер жүргізілді. Ал былтыр Мәскеуде бестіктің сыртқы істер министрлері бас қосып, конвенцияның мәтінін пысықтадық. Одан бері де құқықтық тұрғыда бірталай жұмыстар атқарылды. Мәтіндер Каспий маңы елдерінің тілдерінде жазылды. Және ағылшын тіліне аударылды. Сол тарихи құжатқа  міне Қазақ жерінде қол қойылды. Осындай ортақ жеңіспен бәріңізді құқттықтаймын! Әріптестігіміз жемісті болсын!

Мемлекет басшылары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, алып айдында әріптестік орнатуға бәтуаласты. Қол қойылған конвенция Каспий өңірінің саяси тұрақтылығына, аймақтың дамуы мен табиғи ресурстарды сақтап оны көбейтуге негіз болады. Тарихи құжатты әзірлеуге бес ел қатысса, соның ішінде қазақстандық жұмыс тобына жетекшілік еткен мына ханым! Конвенцияның бүге-шүгесін жақсы біледі.

Зульфия Аманжолова, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі:

- Конфенция жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мысалы, осы кезге дейін теңіз бен оның маңын қорғау, биологиялық ресурстарды пайдалану ісінде бес ел арасында бірлескен келісімдер жасалған еді. Ал Ақтау саммитінде бірнеше үкіметаралық құжаттар бекіді. Олардың үшеуі қауіпсіздік саласына қатысты. Айталық, тараптар шекара қызметінде, ұйымдасқан қылмыс пен торроризмге қарсы жұмыста бірлесіп әрекет ету жөнінде уағдаласты. Яғни теңіздің тұрақтылығына бес ел бірге жауап береді.

Конвенцияның толық мәтіні әлі БАҚ өкілдеріне жарияланған жоқ. Құжаттар Каспий жағалауында орналасқан елдердің парламентімен бекітіліп, күшіне енгеннен кейін жария етіледі. Бір анығы, тек қауіпсіздік яки биоресурстарды пайдалануда ғана емес, сауда-экономикалық, көлік транзиттік саласында да бекіген келісімдер бар. Енді бес елдің бизнес құрылымдары арасында өзара байланысты арттыру қажет. Осы мақсатта 2019 жылы Түрікменстанда Бірінші Каспий экономикалық форумын өткізу жоспарланған. Алтыншы Каспий саммиті де сол бауырлас елде ұйымдастырылмақ.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы