359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Б.Сағынтаев мемлекеттік органдарды Шымкенттен Түркістанға көшіру барысымен танысты

  • 152

Бүгін Елбасының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды.

Басты мақсат – облыс орталығын Шымкенттен Түркістан қаласына көшу туралы Президент Жарлығының орындалу барысымен танысу. Үкімет басшысы мұнда аумақтық органдарды қайта құру үдерісімен танысып, аймақтық орталықты дамыту жайында бірқатар кездесулер өткізді. Сонымен қатар еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент шаһарында да болды.

Өңірге сапары барысында Бақытжан Сағынтаев облыс орталығындағы бірқатар басқармалар мен департаменттер орналасқан ғимараттарды аралап көрді. 27 жергілікті атқарушы органның 22 басқармасы ауысқан. 14 аумақтық орган өкілдері бүгінде Түркістанда қызмет көрсетіп жатыр. Келесі жылы барлық аймақтық органдарды көшіру жұмыстарын аяқталады деп жоспарлануда. Қалған тоғыз бюджеттік ұйым келер жылы көшіріліп бітеді. Бірінші кезеңде 842 адам ауысып келді. Олар орналасатын ғимараттар анықталып, қажетті коммуникациямен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғын үйі жоқ мемлекеттік қызметкерлерге жатақханалардан орындар дайындалған. Бұдан кейін Үкімет басшысы мемлекеттік тарихи-мәдени этнографиялық орталықта болып, Түркістан облысы мәслихаты мен әкімінің аппаратын орналастыру жайымен танысты. Бірқатар министрлер мен жергілікті атқарушы орган басшылары жаңа аймақтық орталықты көркейту туралы баяндама жасады. Аймақ басшысы өз баяндамасында облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше назар аударды. Бүгінгі таңда Түркістан қаласын дамытудың кешенді жоспары әзірленіп, құжатқа 188 іс-шараның тізімі енгізілген. Түркістанды түлету үшін алғашқы 5 жылға 1,3 трлн теңге қаржы қарастырылып отыр. Сонымен қатар облыстық мұражайда Үкімет басшысының назарына қаланы дамытудың бас жоспарының тұжырымдамалық жобасы ұсынылды. Президенттің Жарлығына сәйкес Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту үшін халықаралық байқау жарияланған болатын. 11 шілдеден бастап 11 тамызға дейін байқауға Түркияның, Оңтүстік Кореяның, Өзбекстанның қала құрылысшылары мен 35 отандық, 7 шетелдік сәулетшілер қатысты. Ұсынылған жобалар көрмесі Түркістан қаласында 17–20 тамыз аралығында өтті. Комиссия мүшелері осы жобалардың ішінен бас жоспардың ең үздік тұжырымдамасын анықтауы тиіс.

Түс ауа Үкімет басшысы Шымкентке арнайы ат басын бұрды. Шымкент қаласын дамыту мәселелері туралы жиын өткізді. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Үкімет мүшелеріне шаһарда жүзеге асатын ірі жобаларды таныстырды.

Авторы: Нұрбек Байбосын

Хабар 24 телеарнасы