363.61 436.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Г.Әбдіқалықова Конституция күніне арналған ғылыми-практикалық конференцияға қатысты

  • 106
Г.Әбдіқалықова Конституция күніне арналған ғылыми-практикалық конференцияға қатысты

Г.Әбдіқалықова Конституция күніне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Астананың 20 жылдық мерейтойын атап өту бойынша іс-шаралар аясында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Конституция: құқық үстемдігінің, азаматтық қоғамның жəне қазіргі заманғы мемлекеттің құндылықтарын іске асыру» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысына қатысты.

Форумды Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қорымен бірлесіп, Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясының және ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің қатысуымен өткізді.

Іс-шараға сондай-ақ Парламент депутаттары, орталық меморгандардың, Ресей, Түркия, Болгария, Латвия, Грузия және т.б. елдердің конституциялық бақылау органдарының, сот және құқық қорғау мекемелерінің басшылары, халықаралық ұйымдардың, Қазақстанның ғылыми қауымдастығының өкілдері, сонымен қатар таяу және алыс шетелдердің құқық саласы сарапшылары қатысты.

Г.Әбдіқалықова конференцияға қатысушыларға Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. Онда 1995 жылы қабылданған Конституция Қазақстан мемлекеттілігі дамуының, адам құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуының іргетасын қалағаны атап өтілген. Халықаралық қоғамдастық мойындаған қазақстандық қоғам дамуының бірегей моделі қоғамдық келісім мен тұрақтылық, экономикалық даму және Қазақстан халқының ортақ тағдыры туралы конституциялық ережелердің қалтқысыз сақталуы арқасында мүмкін болды.

«Құқықтың үстемдік етуі, Конституцияның жоғары тұруы, заңның билігі – бұл бүгінгі таңда Қазақстанның сәтті дамуының және оның заманауи жаһанда лайықты орынға ие болуының аса маңызды мәселесі. Қолданыстағы Конституцияның әлеуеті Қазақстанның одан әрі дамуына және әлемнің барынша дамыған отыз елінің қатарына кіруіне ұзақ жылдар қызмет ететініне кәміл сенемін», - делінген Президентінің құттықтауында.

Конференцияға қатысушылар өз сөздерінде Қазақстанның конституциялық құрылысындағы Мемлекет басшысының аса маңызды рөлін атап өтті, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауды жүзеге асыру, сондай-ақ Астананың қалыптасуы мен дамуы мәселелерін талқылады.

Хабар 24 телеарнасы