363.61 436.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақ-қырғыз шекарасының құрлықтағы тұсы әр 10 жыл сайын тексеріледі

  • 116

Парламент Мәжілісі қазақ-қырғыз шекарасын шегендеу туралы келісімді бекітті.

Құжатқа сәйкес екі елдің мамандары әрбір 10 жыл сайын Қазақстан мен Қырғызстан территориясының құрлықта шектесетін тұсында тексеріс жүргізеді. Дәл осындай келісім бұған дейін Қытаймен жасалған болатын.

Мемлекеттік шекараны бөлу ісінде делимитация және деморкация сынды екі бірдей ең маңызды ұғым бар. Алғашқысы келіссөздер арқылы сызықтарды белгілеу, кейінгісі арнайы бағандармен шегендеу деген мағына білдіреді. Айтуға оңай болғанымен, нақты іске келгенде қылыштан өткір, қылдан нәзік мәселе. Бұл жұмыс біздің елде тәуелсіздік алғаннан бері күн тәртібінен түскен емес. Ең алдымен Қытаймен шекаралық мәселелер шешімін тапты. Кейін қалған елдермен де тиісті келіссөздер жүргізілді.

Жанат Жарасов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Көрші мелмектетермен шекара деген өте түсінікті болу керек. Бұрыннан келе жатқан опытты солармен келтіріп, қазір де басқа мемлекеттермен шекарамызды орнына келтіріп жатырмыз. Бүгін де екі заң жобасын қарадық. Ол да сол біздің мемлекеттік шекара. Ешқандай, ешкімнен сұрақ болмауы керек. Неге десеңіздер еліміздің ұлттық қауіпсіздігі бірінішден шекарадан басталады. 

Қазақстан мен Ресей шекарасының ұзындығы - 7591 шақырым. Қос мемлекет секілді тұтас Еуразия құрлығында осынша аумақта қойы қоралас, ауылы аралас жатқан ел жоқ. Сондай-ақ қазақ жерін Өзбекстаннан 2351, Қытайдан 1783, Қырғызстаннан 1242, Түрікменстаннан 426 шақырым шекаралық  сызық бөліп тұр.

Бұл аумақтарды нақты белгілеп, ұлттық мүдде ескерілетін құжаттарға қол қою ісі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүйелі жүзеге асты. Соңғысы Қырғызстанмен шекараны шегендеу болатын. Бұл іске де бүгінде нүкте қойылды. Мәжіліс құжатты бірауыздан мақұлдап, Сенатқа жіберді. Сонымен қатар, Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекаралардың түйісу нүктесінің ауданы туралы шарт жобасы қолдау тапты.

Светлана Бычкова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Үш ел шекарасы түйісу нүктесіннің ерекшелігі қандай? Шекара әскерлері онда қандай шаралар жүргізеді?

Дархан Ділманов, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры:

- Күн сайын мемлекеттік шекара сызығы бойынша түйісу нүктелеріне дейін әуеден бақылау жүргізіледі. Егер қандай да бір мәселе туындаған жағдайда әріптестерімізбен қоян-қолтық жұмыс істейтін боламыз.

Осылайша қазақ елі  сан  ғасырлық тарихында алғаш рет халықаралық құқық нормаларына сай бекітілген мемлекеттік шекараға ие болды. Ұзаққа созылған іс болғанымен, әрбір көрші елмен құрлықта шектесетін тұсымыз дәлме-дәл анықталды. Каспий теңізінің жағалауындағы Қазақстанға тиесілі аумақ та белгіленді. Өткен тамыз айында Ақтауда өткен саммитте қазақ, түрікмен, иран, ресей және әзербайжан көшбасшылары су алабының құқықтық мәртебесін де айқындады. Енді шекарадағы кез келген мәселе нақты заң талаптарына сай реттеліп, құқықбұзушылықтардың жолы кесіледі.

Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:

- Мәжіліс мақұлдаған құжатқа сай Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында жалпы саны 1055 бағана орнатылған. Енді  күн тәртібінде арадағы кеден бекеттерінің санын ұлғайту жөнінде мәселе тұр. Қазір олардың саны 30-ға жуық.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Депутаттар мен үкімет өкілдерінің айтуынша, шекаралық бекеттердің өткізу қабілетін арттыру да маңызды міндет. Ол үшін қосымша қондырғылар сатып алынуы керек. Бірақ, бұл біржақты шешіле салатын мәселе емес. Шекаралас мемлекеттер оны үкіметаралық комиссия отырыстарында бекітуі тиіс. 

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы