Мәулен Әшімбаев Түркияның Қазақстандағы елшісін қабылдады

Мәулен Әшімбаев Түркияның Қазақстандағы елшісін қабылдады
Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджиді қабылдады.

Кездесу барысында тараптар сауда, экономика, мәдениет және білім беру салаларына қатысты екіжақты өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

«Түркия – еліміз үшін саяси, мәдени және экономикалық-инвестициялық тұрғыдан маңызды стратегиялық серіктес мемлекет. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап қазақ-түрік байланыстары барлық салада қарқынды дамып келеді. Бүгінде мемлекеттеріміздің басшылары арасындағы тұрақты қарым-қатынастың арқасында өзара ынтымақтастық жоғары деңгейге көтерілді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сұхбаттасушылар Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі аясында түркітілдес халықтардың интеграциясын дәйекті түрде дамыту мәселелеріне назар аударды.

Одан бөлек, Сенат cпикері бүгінде екі мемлекет арасында парламентаралық ынтымақтастық та белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Мәулен Әшімбаев бұл бағытта Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы маңызды жұмыс атқарып келе жатқанын айтты.