Нұрлан Нығматулин журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады

«Хабар 24» арнасының тілшісі, әріптесіміз Нұршапағат Несіпбаев «Парламент сөзі» сыйлығын алды.

Бүгін Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, айтулы марапатты табыс етті. «Парламент сөзі» байқауы бесінші рет ұйымдастырылып жатыр. Үздіктер қатарында «Хабар» арнасының тілшісі Динара Жанбатырова да бар. Ол «Үздік телевизиялық сюжет» номинациясында көш бастады. Ал Нұршапағат Несіпбаевтың «Арнайы репортажы» ерекшеленді. Жалпы үміткерлер сегіз аталым бойынша бақ сынады. Жеңімпаздарға Мәжіліс символикасы бейнеленген мүсіншелер мен арнайы дипломдар табысталды.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Қасиетті Отанымыз - Қазақстанымыздың тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Осы уақытта өткен барлық саяси, әлеуметтік, экономикалық өзгерістер, соның ішінде Парламенттің заң шығару қызметі әрқашан да тікелей ақпарат құралдарының назарында болды. Сондықтан журналистер әрқашан да тәуелсіздікпен бірге жасап, егемен еліміздің әрбір жеңісін, әрбір жемісін насихаттап, еліміздің, халқымыздың өмір сапасын одан әрі арттыруға зор үлес қосып келе жатыр.