А.Маминнің төрағалығымен Еуразиялық даму банкі кеңесінің отырысы өтті

Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысын 2022 жылы бітіру керек. Үкімет басшысы Асқар Мамин мердігерлерге осындай тапсырма берді.

Әу баста құрылыс 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған еді. Бірақ Алматыға жұмыс сапарымен барған Премьер-министр қарқынды үдету керек деді. Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының жалпы ұзындығы - 66 шақырым. Алты жолақты болады. Жерүсті өткелдері салынады. Жоба құны 150 млрд теңге. 

Алматы агломерациясының халқы 2030 жылға қарай 1 миллион 600 мың адамға ұлғаяды. Сөйтіп, 4 миллион 700 мыңнан аспақ. Халық 860 мыңнан аса гектарға қоныстанады. Былтырдан бері жобаны іске асыру басталды. Бүгінгі күнге дейін 13-і аяқталған. Бұл жөнінде Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі кеңесте айтылды. Үкімет басшысы биылғы 20 тамызға дейін «Үлкен Алматының» төрт пилоттық жобасын іске асыруды тапсырды. Олар экологиялық проблемаларды шешу, бірыңғай көлік моделін және даму стратегиясын әзірлеу, шағын және орта бизнестің цифрлық картасын қалыптастыру, сондай-ақ мониторинг пен төтенше жағдайдың алдын алудың кешенді жүйесін әзірлеу. 

Сонымен қатар Асқар Маминнің төрағалығымен Еуразиялық даму банкі Кеңесінің отырысы өтті. Жиында банктің 2022-2026 жылдарға арналған стратегиясы бекітілді. Енді алдағы кезеңде Еуразиялық даму банкі интеграциялық тиімділігі бар трансшекаралық инвестициялық жобаларды іске асыруға назар аударады. Бес жылдық кезеңде банк инвестицияларының жиынтық көлемі 10,9 млрд долларды құрайды.