ЖЕЭК отырысы: қандай шешімдер мақұлданды?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге пандемияға қарсы бірлескен жобаны жүзеге асыруды ұсынды. Мұны Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында айтты. «Індетпен күресте оң нәтижелерге қарамастан, елдеріміз әлі де қиын жағдайда тұр», – деді. Сондықтан фармацевтика және ғылым саласында бірлескен жоба әзірлеп, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды үйлестіру қажет.

Биыл Еуразиялық экономикалық одаққа Қазақстан тарапы төраға. Бұл ауқымды бірлестік құрылғалы 6 жыл болды. Содан бері Қазақстан төрағалық міндетті екінші рет қолға алып отыр. Осы жолғы жиын Беларусь астанасы Минскіде өтуі тиіс еді. Алайда, мемлекеттер басшылары соңғы сәтте онлайн форматта бас қосуға келісті. Еуразиялық бестіктің қана емес, бақылаушы елдер Өзбекстан мен Кубаның басшылары да бейнебайланыс жиынына қосылды.

Кейінгі кезде Еуразиялық одақта қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі – цифрландыру. Жыл басында интеграциялық бірлестіктің стратегиялық бағыттары айқындалды. Ал шілде айында одақ аумағындағы бос жұмыс орындары туралы бірыңғай ақпараттық жүйе құрылды. Енді фармацевтика және ғылым саласында бірлескен жоба керек. Ол санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды реттеуге көмектеседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

– Бізге пандемиямен күресте күш біріктіру керек. Яғни, фармацевтика және ғылым саласында бірлескен жоба әзірлеп, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды реттеуді үйлестіру қажет. Елдер экономикасы да тұрақталып келе жатыр. Алғашқы жарты жылда елдердің ЖІӨ-сі 4,5 процентті құрады.

Азық-түлік мәселесі де өзекті. Бұл жыл өткен сайын күшейе түсуі мүмкін. Әлемдік нарықтағы бағаның өсуі одаққа мүше елдерге әсер етіп жатыр. Оны барынша азайту үшін Президент импортты алмастыратын жоба қабылдауды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Құжат азық-түлік тауарларының тапшылығын азайту және агроөнеркәсіптік кешендегі материалдық-техникалық ресурстарды қолдану және импорт алмасуға бағытталған. Бұл құжаттың маңыздылығын ескере отырып, оны Алматыда өтетін кеңес отырысында мақұлдауды ұсынамын.

Одақтас елдер өнеркәсіп саласында да ынтымақтастықты тереңдете түсу керек. Кейінгі екі жылда Ресеймен ірі өнеркәсіптік жобалар қолға алынды. Бірлесіп вакцина шығарылды. Ал өзіміздің отандық екпе дүниежүзілік ұйымдар тарапынан мойындауды күтіп отыр. Одан бөлек, «Лукойл», «КАМАЗ» сынды компаниялармен тығыз әріптестік орнады. Қазір Еуразиялық экономикалық одақтың көліктік күретамыры мен логистика хабтарын дамыту маңызды. Қазақстан одақпен бірігіп, инфрақұрылымдық жобалар әзірледі. Президент онымен транспорттық ведомстволарды тығыз жұмыс істеуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Пандемияның әлсіреуіне байланысты одақ елдерімен ынтымақтастық үлкен маңызға ие болып отыр. Израиль, Мысыр, Үндістанмен еркін сауда келісімі 5-6 жылға созылып отыр. Моңғолия мен Индонезия нарығында бұл мәселе 2 жылдан бері шешімін таппай келеді. Конвенция бұл келісімдерді тездетіп, жаңа тетіктерді ұсына алатын еді. Бұл қиын кезеңнен ақырындап шығу аясында келіссөздерді жеделдету қажет деп ойлаймын.

Ал Беларусь басшысының пікірінше, ұйым тек 2025 жылға қарай нағыз Еуразиялық экономикалық одаққа айналады. Бұл оймен келіспеске болмайды. Себебі, бірлестік елдері экономикалық мүмкіндіктерін әлі толық пайдалана алмай келеді.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:

– Толық форматтағы Еуразиялық экономикалық одаққа тек 2025 жылы қол жеткіземіз. Ол үшін одақтың стратегиялық жоспарындағы іс-шараларды уақытында жүзеге асыруға бүгіннен бастап үлкен мән беру керек. Сонда ғана тауары, жұмыс күші, капиталы ортақ одаққа айналамыз. Кедендік тарифті бірыңғайландыру ісін жеделдету керек.

Отырыс қорытындысы бойынша Одаққа мүше мемлекеттердің басшылары мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастырудың екінші кезеңіне көшу туралы шешімді бекітті. Ал бірінші кезеңнің іс-шаралары табысты орындалды. Сонымен қатар мемлекеттер басшыларының Климат мәселесі жөніндегі мәлімдемесі мақұлданды. Онда Одаққа мүше елдердің экологиялық қауіпсіздік пен көміртегіне бейтарап даму бағытына көшудің жаһандық мақсаттарына және агроөнеркәсіп, өнеркәсіп, энергетика, көлік салалары бойынша экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бейілді екені көрсетілген.

Онлайн форматта өтетін мұндай алқалы жиын ертең де жалғасады. Президенттер ТМД ұйымына мүше елдер басшыларының кезекті кеңесін өткізеді. Онда да ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейту жолдары қаралады.  

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Қорған Қонысбайұлы, Талғатбек Әбдіқожа, Диас Кавланбаев, Алмас Омарғалиев