ҚР Президентінің арнайы өкілі Вашингтонда

Қазақстан президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыханов АҚШ астанасындағы жұмыс сапары аясында бірқатар екі жақты кездесулерге қатысты.

Олардың қатарында АҚШ Конгресі Өкілдер Палатасының мүшесі, Америка Президентінің және мемлекеттік Хатшының арнайы көмекшілері мен Сауда палатасының вице-президенті де бар. Қос елдің қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған басқосуда Қазақстан-АҚШ арасындағы экономикалық серіктестікті арттыру, инвестиция тартудың тетіктерін талқылау мен қауіпсіздік мәслелеріне қатысты бірқатар келісімге қол жеткізілді. Вашингтон қаласында өткен екі жақты кездесулер Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа тұс келіп отыр.

Куш Чокси, АҚШ Сауда палатасының вице-президенті:

– Ең алдымен Қазақстанды айтулы мерекемен құттықтағым келеді. Сонымен қатар АҚШ-тың сауда палатасы қазақстандық және америкалық бизнес ортаның қалыптасуына ерекше үлес қосқанын атап өткім келеді. Тіпті пандемиядағы қиыншылықтарға қарамастан екі ел арасындағы экономикалық байланыс оң нәтиже көрсетіп келді. Жалпы қазіргі жаһандық экономика өзгеріп, әртараптанып жатыр және бүгінгі кездесуде сол өзгерістерге бейімделіп, өзге де салалар бойынша жұмыс істеудің жолдары талқыланды. Қазіргі кезде қазақстандық және амеркиалық бизнес өкілдеріне жұмыс жасауға толықтай мүмкіндіктер бар және болашақта серіктестігімізді дамыта түспекпіз.