Ұлттық кеңесте саяси реформалардың негізгі бағыттары талқыланды

Ұлттық кеңес мүшелері саяси реформаларды жалғастырудың негізгі бағыттарын талқылады.

Бүгін Мемлекеттік хатшының қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің кездесуі өтті. Жиында Ерлан Қарин Мемлекет басшысының жаңа бастамаларына тоқталды. Саяси реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ұлттық кеңес мүшелері өз ұсыныстарын ортаға салды. Сарапшылар демократиялық қоғамның одан әрі дамуына ықпал ететін және жаңа Қазақстанды қалыптастыратын жүйелі өзгерістер қажет дейді. Кеңес құрылғаннан бері 23 заң қабылданды. Бұдан бөлек 12 заң жобасы орталық мемлекеттік органдар мен Парламент қарауына енгізілген.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Президент Тоқаев біздің елімізде саяси реформалардың әрі қарай жалғасатындығын мәлімдеді. Енді оның негізгі параметрлері жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту, одан кейін парламент институтын жетілдіру, яғни парламент институтының ішінде әртүрлі партиялар болу керек. Сонымен бірге мына партияға кірмейтін қоғам өкілдерінің де даусы парламентте естілу керек. Міне осы мәселелер бүгін жан-жақты ұлттық кеңес аясында қаралып жатыр.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты - Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Алдағы уақыттағы саяси реформаның контры, пішімі, болмысы қандай болу керек деген тұрғыда ақыл-кеңес жинап, ақылдасып отырмыз. Саяси топ, экономикалық, әлеуметтік, мәдени деген сияқты төрт бағытта жұмыс істеп отырмыз ғой. Әрқайсы өз бағытын алып, осының негізінде тиісті аналитикалық жазбалар мен жаңағы ұсыныстар дайындалады. Енді алдағы уақыттағы мақсатымыз – аймақтарға шығу.