Қауіпсіздік Кеңесін Президент әкімшілігінің құрылымына қайтару туралы ұсыныс жасалды

Қауіпсіздік Кеңесін Президент әкімшілігінің құрылымына қайтару керек. Заңгер Марат Бәшімов осындай ұсыныс айтты.

Бұл бастаманы ол жаңа Қазақстан құру тақырыбына арналған сарапшылардың жиынында көтерді. Оның айтуынша, Қауіпсіздік Кеңесі консультативті-кеңестік орган іспеттес. Сондықтан оған жеке аппарат құрудың қажеті жоқ. Еске сала кетсек, Қауіпсіздік Кеңесі жөнінде заң 2007 жылы қабылданған.

Марат Бәшімов, Еуропалық құқық пен адам құқығы сараптамалық институтының директоры:

- Қауіпсіздік Кеңесі кез келген елдегі президент әкімшілігіне қарасты орган. Неліктен 2007 жылдан бастап ол өз алдына жеке аппараты бар органға айналады? Кез келген заңгер бұл ұйымның консультативті-кеңестік сипаттағы орган екенін айта алады. Мемлекеттік құқықтық бөлімінен бөлек Президент жанындағы адам құқығы жөніндегі комиссия, әйелдердің құқығын қорғау туралы комиссия секілді ұйым болуы тиіс. Реформалық құрылымдар сияқты Президент әкімшілігінің құрылымдарын да ретке келтіру алдағы уақыттың еншісінде.