Қазақстанда ауғанстандық қыз-келіншектер білім алады

Қазақстанда ауғанстандық қыз-келіншектер білім алады

Орталық Азия мемлекеттері Ауғанстандағы гендерлік теңсіздік мәселесін шешуге көмектеседі.

Осы мақсатта биыл 50 қыз-келіншек қазақстандық оқу орындарына қабылданады. Бұл туралы Ташкентте өткен Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері Ауғанстан бойынша арнайы өкілдерінің басқосуында айтылды. Жиында елдегі дағдарысты бейбіт жолмен шешу, экономиканы қалпына келтіру және бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жайы қозғалды. Ауғанстан билігінің кең өкілдікке негізделген үкімет құру, әйелдер мен аз ұлттардың құқығын қорғау, сондай-ақ лаңкестікке жол бермеу жөніндегі міндеттемелерін орындау қажеттігі атап өтілді. Арнайы өкілдер ауған халқына гуманитарлық жүк жеткізу үшін Термезде көп функционалды көлік-логистикалық хаб құру туралы бастаманы қолдайтындарын жеткізді.

Талғат Қалиев, ҚР Президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі:

- Біз Ауғанстанның көрші мемлекеттермен сауда-экономикалық байланыс орнатып, қауіпсіздікті арттыра түсуге үлес қосқанын қалаймыз. Өңірдегі негізгі қауіп ошағы ретінде саналмауы тиіс. Осы бағытта ауған елінде гуманитарлық апатқа жол бермей, білім беру, ағарту бағдарламаларын жалғастыратын болып шештік. Биыл осы мемлекеттен 105 қыз-келіншекке Орталық Азияның оқу орындарында білім алу мүмкіндігі беріледі. 50-і қазақстандық, қалғандары Өзбекстан мен Қырғызстандағы университеттерге оқуға түседі.