Украинадағы ахуал: Түркияның ұстанымы қандай? LIVE

Төрткүл дүниенің төрт бұрышы көз тіккен Украинадағы жағдай қос елмен де көршілес Түркияның да күн тәртібінен түспей отыр. Тікелей байланысқа шыққан Түркиядағы меншікті тілші Меруерт Қанағат бүгінгі ахуалға қатысты және ресми Анкараның қандай ұстанымы бар екеніне кеңірек тоқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Меруерт Қанағат, тілші:

– Украинадағы жағдай, әсіресе, көршілес мемлекеттерге оңайға соқпай отыр. Сол елдердің бірі – Түркия. Бауырлас ел Ресеймен де, Украинамен де тығыз қарым-қатынаста. Осы себепті ел президенті Режеп Тайып Ердоған осыдан бірер күн бұрын Африка мемлекеттеріне сапарын тоқтатып, шұғыл түрде елге оралды. Жаңа ғана Ердоғанның төрағалығымен 2 сағатқа созылған қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысы аяқталды. Украинадағы жағдайға байланысты өткен кеңеске қатысушылар құрамы да ерекшеленді. Жиынға вице-президент Фуат Октай, Ұлттық қорғаныс министрі Хулуси Акар, Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу, Бас штаб төрағасы, генерал Яшар Гүлер, Ұлттық барлау мекемесінің басшысы Хакан Фидан, Президенттік ақпарат басқармасы басшысы Фахреттин Алтун, президенттің жеке хатшысы Хасан Доған және президенттік баспасөз хатшысы Ибрахим Калын қатысты. Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлұ Қазақстанда ресми сапарда болғандықтан кеңеске қатысқан жоқ. Ал қауіпсіздік кеңесінің қандай қорытынды шықты, Түркия президентінің өзінен тыңдап көрейік.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

– Ресейдің Украинаға жасаған әскери операциясы қабылданбайтын жағдай. Халықаралық құқыққа қайшы келетін бұл әрекет аймақтың бейбітшілігіне, тыныштығы мен тұрақтылығына ауыр соққы болып отыр. Түркияның Украинаның аумақтық тұтастығын қорғауға бағытталған күресіне қолдау көрсететінін жаңа ғана Владимир Зеленскийге де жеткіздім. Терең байланысымыз және достық қатынасымыз бар Ресей мен Украина арасындағы мәселені Минск келісімі аясында диалогпен шешілуін қалайтынымызды қайталаймыз. Мұны кеше президент Путинге де жеткіздім.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Түркия көршілес елдердің жағдайдың ушыққанын қаламайды. О бастан Ердоған, Ресей мен Украина арасында араағайындық жасап, мәселені дипломатиялық жолмен шешуге шақырып, қос ел басшыларымен үздіксіз бірқатар келіссөздер жүргізіп отыр. Түркияның энергетикадан бастап дәнді дақылдың басым бөлігін осы елдерден импорттайтынын айта кету керек. Мамандардың пікірінше, жағдай одан әрі ушығатын болса, елде ұнның құны, соның ішінде нан бағасы қымбаттайды. Соңғы ақпар бойынша долларды бағамы 13,6-дан 14,22 дейін көтерілген.

Айта кеткен жөн, бүгін таңмен Украинаның Түркиядағы елшісі Василь Боднар арнайы мәлімдеме жасап, Ресейге қарсы әуе және кеме санкциясын енгізуге шақырды.

Василь Боднар, Украинаның Түркиядағы елшісі:

– Мен тағы да түрік үкіметі мен түрік ұлтына үндеу айтқым келеді. Украинаға қолдау көрсетіңіз. Осы орайда, ресми Анкараның Ресей үшін әуе кеңістігін, Босфор және Дарданелл бұғаздарын жабуға шақырамыз. Түрік тарапына тиісті талабымызды жеткіздік. Сонымен бірге біз Ресейге қарсы санкциялар енгізуге қалаймыз. Әсіресе Ресейлік бизнес акционерлерінің Түркиядағы акцияларын тәркілеуді талап етеміз.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Ресми Анкара талапқа әлі жауап берген жоқ. Әуе және теңіз қозғалысы кестесіне сәйкес жұмыс жасап отыр. Айта кетерлігі, Сыртқы істер вице-министрінің айтуынша, Украинада 20 мыңнан астам түрік азаматы бар. Олармен байланыс орнатылған. Эвакуацияға қатысты ақпар алдағы уақытта белгілі болмақ.