Конституцияға қандай өзгеріс енгізіледі?

Жердің және табиғи қазба байлықтың иесі – халық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы норманы Конституцияда біржола бекіту керек деді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мәселе алдағы уақытта мүлдем талқыланбау қажет екенін айтты. Сарапшылардың пайымынша, әзірленген өзгерістер қоғам мен биліктің ықпалдастығын арттыра түседі. Әсіресе азаматтың құқықтары қорғалады.

«Күшті президент, ықпалды парламент және есеп беретін үкімет». Президент жолдауында айтылған осы саяси бастамаларды жүзеге асыру үшін Ата заңға өзгеріс енгізіледі. Реформаны жүйелі жүргізу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған еді. Оның құрамында белгілі заңгер ғалымдар, адам құқықтары жөніндегі уәкілдер бар. Бүгінге дейін олар қажетті түзетулер әзірлеген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше солармен кездесіп, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде кеңесті.

Еркін Оңғарбаев, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры:

- Қызу пікірталас, түрлі келіспеушілік болды. Десе де жұмыс тобы ортақ мәмілеге келіп, құжатты әзірлеп шықты. Көп өзгеріс бар. Күшті президент, ықпалды парламент және есеп беретін үкімет. Осы тепе-теңдікті сақтай отырып, конституциялық нормаға айналдырдық. Мемлекет басшысы өз құзыретін азайтып, Парламент пен Үкіметті өкілетін күшейтуі тарихта сирек кездесетін жағдай.

Қасым-Жомарт Тоқаев супер президенттік басқару үлгісінен алшақтаумен қатар, мемлекет басшысының туған-туыстары саяси мемлекеттік қызметке, квази мемлекеттік сектордағы компанияларды басқаруға тыйым салу туралы бастама көтерген еді. Енді бұл ережелер де конституцияға енгізіледі.

Сара Ыдырысова, KAZGU университеті жеке құқық департаментінің профессоры:

- Бұрын бізде Президент саяси партияның мүшесі де, төрағасы да болуға мүмкін болатын. Қазір Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ондай құқықтарын алып тастауға батылдығы болды. Келесі тағы бір өте маңызды жаңалық халыққа тиімді болады деп ойлаймын, ол бұрын еліміздің көбінің аузында жүрген президенттің туыстары, жақын туыстары деген заңда түсінік бар және өзге де жоғары лауазымды тұлғалардың жақын туыстары үлкен саяси лауазымдарға иеленуге болмайды деген жаңа нормалар енгізілді.

Парламент жұмысына қатысты да үлкен өзгеріс бар. Бұдан былай мәжілістің отыз процентін  халық тікелей сайлайды. Ал сайлаушыларға өздері таңдаған депутаттың жұмысы ұнамаса оның мандатын қайтаруға құқылы болады.  Президенттің сенаттағы квотасы 15-тен 10 ға азайды. Мәжіліс заңды дербес қабылдап президентке жолдай алады. Сондай-ақ Үкіметтің жұмысын жеделдету үшін ерекше актілерді қабылдауына мүмкіндік  беріледі. 

Индира Әубәкірова, KAZGU университеті ғылым комитетінің мүшесі:

- Қазақстан тарихи дәуірді бастан өткеріп жатыр. Конституцияға өзгеріс енгізу арқылы бізді алда үлкен саяси қоғамдық, реформалар күтіп тұр. Саяси жүйені жаңғыртып, демократиялық жолға бағытталған бірқатар жаңашылдық енгізілді. Қоғамда және саясатта азаматтардың құқықтық мүмкіндігі артты. Билік пен халықты жақындастыра түсетін жаңа құқық қорғау институттары енгізіледі. Конституциядағы осы түзетулерден кейін азаматтар құқықтық жағынан жақсы қорғалады.

Конституцияға адам құқығы бойынша уәкіл туралы арнайы баб енгізіледі. Омбудсмен ешкімнің алдында есеп бермейтін, тәуелсіз болуы шарт. Мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың оған сөзі өтпейді.

Марат Бәшімов, еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры:

- Біз қараған нәрселердің бәрі де адам құқықтары жөніндегі мәселелер, нормалар. Парламенттің, Мәжілістің заңды түрде күшейтетін құзыреттері. Одан басқа конституциялық заң туралы, адам құқығы жөніндегі уәкіл. Бас прокурор туралы. Олардың құзыреттері. Конституциялық сотқа өздеріңнің арыздарын бергенге. Оның бәрі демократия принциптарын жоғары деңгейге көтереді, нығайта береді. Өзгерістердің бәрі де біздің халыққа керек нәрсе. Халық оны күтіп отыр. Ол біздің құқықтық саяси жағдайдың бәрін өзгертеді.

Мемлекет басшысы қоғамды саяси тұрғыдан трансформациялау жөнінде берілген барлық ұсынысты ескерудің маңызы зор екеніне тоқталды. Жұмыс тобы дайындаған өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдайтынын заң жобасы енді Конституциялық Кеңестің қарауына ұсынылады.

Талғатбек Әбдіқожа