Халықаралық сарапшылар: Референдум – тарихи оқиға

Реформа – кез келген қоғамдағы елеулі процесс. Елде өтіп жатқан саяси науқанды халықаралық сарапшылар да жан-жақты талқылап, назар салып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар референдум арқылы түзетулер мен толықтырулар енгізу – әлемге ортақ тәжірибе екенін айтады. Қазіргі референдум Қазақстан халқына өз тағдырын өзі шешіп, мемлекеттің ұзақ жылдарға дамуын анықтауға мүмкіндік береді. Ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов еліміздегі саяси шараға қатысты осындай пікір білдірді. Сарапшы «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Екінші республика тұжырымдамасы Францияда Шарль де Голль негізін қалаған Бесінші Республикамен ұқсас. Франция жаңа жолмен 60 жылдан бері дамып келеді», – дейді.

Аркадий Дубнов, саясаттанушы:

Қазақстан өзінің мемлекеттігін кей көрші елдер сияқты әскери қимылдар немесе өзге жерлерді аннексиялап, аумағын кеңейту жолымен емес оның құрылысын жетілдіру, халыққа өз тағдырын өзі шешуге мүмкіндік беру арқылы бекемдеп жатыр. Еркін парламенттік сайлау мен жаңа саяси партиялар арқылы нығайтады. Міне осы маңызды.

Ал италиялық сарапшы Тиберио Грациани қазіргі референдумға тарихи оқиға деп баға берді. Саяси шара мемлекеттің барлық құрылысы мен институттарын реформалауға бағытталған. Үкімет пен мемлекеттің референдум арқылы өзін-өзі өзгертуге күш салып жатқанын алғаш кездестіруім - дейді Ғаламдық талдау институтының басшысы. 

Тиберио Грациани, «Vision & Global Trends» ғаламдық талдау институтының басшысы:

– Қазіргі референдум бұл демократияны бекемдей түсудің бір жолы деп білемін. Біз әр халықтың әр мемлекеттің жүріп өткен жолы, даму тарихы барын ұмытпауымыз керек. Қалыптасқан жағдай мен ережелерді бір күнде өзгерте алмайсыз. Бұған уақыт қажет. Бұл істе азаматтарды шешім шығаруға көптеп тарту маңызды. Сондықтан қазіргі референдум осы бағыттағы бір қадам ғана деп ойлаймын.

Реформа Қазақстандағы саяси және әлеуметтік тұрақтылыққа көмектеседі. Қытай сарапшылары қазіргі конституциялық реформалар саяси салаға негізделгенін айтады. 

Ли Юнцюань, Еуропа мен Азияның әлеуметтік дамуы институтының директоры:

Реформа бұл кез келген дамушы қоғамдағы елеулі процесс. Шын мәнісінде Қытайда реформа саясаттан басталған. Бірақ оның ауқымы мен тереңдігі экономикалық даму қажеттіліктеріне тәуелді болады. Біз бұл реформалар мемлекеттің одан әрі дамуы мен аймақтық ынтымақтастыққа септігін тигізеді деп сенеміз.

«Оңтүстік Кореядағы Еуразиялық зерттеу орталығының ғалымдары да Қазақстандағы референдум аймақтағы өзге елдерге ықпал ететін айтады. Қазақстанда демократияландыру үрдісі қарқынды жүріп жатыр», – дейді олар.  

Ли Дже Хек, Еуразиялық білім беру орталығының директоры:

– Шыны керек мен демократияландыруға көп уақыт кететін шығар деп ойлаған едім. Бірақ Қазақстан бұл жолмен жылдам қарқынмен жүріп келеді. Қазақстандықтар бірлесіп көп жетістікке жетті. Бұл саяси реформалар аймақтағы өзге де елдерге ықпал етеді деп үміттенемін.

Сарапшылар референдум әлемдік тәжірибе екенін алға тартты. Бұл саяси науқан әрі қарай реформалар жасауға мүмкіндік береді деп отыр. 

Авторы: Дәурен Ақашұлы