Тоқаев: Қаңтар оқиғасы ендігәрі қайталанбайды

Референдум қабылданса Президенттің өкілеттігі азайып, Парламенттің құзіреті күшейеді. Ал бұл кейін Мемлекет басшысына шұғыл шешім қабылдауға кедергі келтірмей ме? Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда таңдауын жасап, осы сұраққа жауап берді. Қаңтар оқиғасына қатысты да мәлімдеме жасады. «20 мың террорист» деген деректің қайдан шыққанын да айтты.

Қорған Қонысбайұлы, тілші: 

- Бұл Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайы. Мұнда нөмірі 58-ші және 59 референдум учаскесі орналасқан. Азаматтар ала таңнан таңдауын жасап жатыр. Ал таңғы 9 жарымда бұл жерге Мемлекет басшысы келді.

Дауыс берген соң Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдарының алдына шықты. Жұртты референдуммен құттықтап, бұл күннің маңызын айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шын мәнінде бүгін еліміз үшін, шын мәнінде, тарихи күн. Халқымыз бетбұрысты шешім қабылдамақ. Ешқандай мәжбүрлік жоқ. Референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

Адам құқы бәрінен жоғары болады. Өзгеріс дегеніміз де әсілінде осы. Биліктің көздегені мемлекет пен қоғам арасындағы қатынасты өзгерту. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Конституцияда Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен жаңа мәртебеге ие болады. Омбудсмен Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Бұл да біз үшін жаңа институт болмақ.

Елде суперпрезиденттік басқару болмайды. Өзгерістер енгізілсе, Парламенттің ролі күшеймек.

Журналист сұрағы:

- Қасым-Жомарт Кемелұлы, конституциялық өзгерістерге сәйкес Президенттің өкілеттіктері азайып, парламентке беріліп жатыр. Бұл бетін аулақ қылсын қаңтар оқиғасы сияқты мемлекеттің тағдыры шешілетін сәтте дер кезінде, уақытылы шешім қабылдауға кедергі етпей ме?

Президентке қатысты ешқандай тосқауыл болмайды 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Президент Мемлекет басшысы ретінде әрбір тәсілді қолдануға құқылы. Сондықтан ешқандай текетірес жоқ. Ең алдымен, Парламент пен Президенттің арасындағы теңгерім болуы керек. Осы орайда мұны демократияның бір көрінісі деп ойлаймын. Атап айтқанда, Президентке қатысты ешқандай тосқауыл болмайды. 

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ: 20 МЫҢ ТЕРРОРИСТ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Қаңтар қасіретін қараша біразға дейін ұмытпайды. Лаң салғандардың кесірінен 1600 нысан қирап, мыңға жуық көлік өртенді. 3 мың қару ұрланды. Өзекті өртейтіні - қанша тағдыр талқандалды. Адамдар опат болды. Осы орайда мемлекет басшысы қайғы жамылған отбасыларға тағы бір мәрте көңіл айтты. Сосын "20 мың террорист" деген деректің қайдан шыққанын түсіндірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 20 мың дегенге тоқталсам, бұл санды құқық қорғау органдарының бұрынғы басшылары берді. Бір мезетте 13 қалада билікке қарсы бүлік ұйымдастырылып, лаң салғандар қоғамдық тәртіпті бұзбақшы болды. Сондықтан ол бүкіл ел бойынша айтылған дерек еді. 

Қ. ТОҚАЕВ: ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ ЕНДІ ҚАЙТАЛАНБАЙДЫ 

Тәуелсіз ел тарихында қара таңба болып қалған Қаңтар оқиғасынан соң 5 жарым мың қылмыстық іс қозғалды. Оның 500-і сотқа жолданды. Тек 23 азамат нақты мерзімге сотталды. Президент «бұл істің бәрі тыңғылықты зерделеніп, тергеліп жатыр дегенді білдіреді» деді. Соңында бейбіт тұрғындарды қан қақсатқан әскери қызметшінің бәрі жауапкершілікке тартылатынын жеткізді. Бүгінде тергеу жүріп жатыр. Бір анығы, қаңтар оқиғасы енді қайталанбайды. Бұған кепіл – референдум. Мемлекет басшысы осылайша ертеңгі күнге сеніммен қарауға шақырды. «Президенттіктегі бұлжымайтын қағидам халыққа адал қызмет ету» деп, жұрт үшін аянып қалмасын жеткізді.  

Қорған Қонысбайұлы, Жандос Битабаров, Алмас Омарғалиев