Жетісу облысының әкімі аймақтың даму жоспарымен таныстырды

Бейбіт Исабаев Жетісу облысының әкімі. Оған өңірдегі 141 мәслихат депутатының 106-сы сенім білдірді. Ал келесі кандидат Бағдат Қарасаевты халық қалаулыларының 35-і қолдаған. Ашық дауыс беру кезінде көпшіліктің қолдауына ие болған Бейбіт Өксікбайұлы бірден аймақты дамыту жоспарын таныстырды.

Жетісу - аграрлы аймақ. Сондықтан Бейбіт Исабаев осы саланы өркендетуге күш салатынын жеткізді. Бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, өңірге қаржы тарту ісіне де басымдық беретінін атап өтті.

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:

- Облыстың агроөнеркәсіптік кешеніне инвестор тарту, жаңа технология енгізу үшін барынша жағдай жасау керек. Талдықорған индустриялық аймағын толық қуатын пайдалана отырып, облыс тұрғындарын жан-жақты дамытуға жұмылдыру, ең бастысы, халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Сол арқылы халықты жұмыспен қамтамассыз етіп ғана қоймай, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қоса алар едік.

Бұрынғы Алматы облысы екіге бөлінгеннен кейін өндірістік нысандардың басым көпшілігі оңтүстік аймақта қалды. Сол себепті Жетісу өңірінде де өндіріс орындарын ашу, туризмді ілгерлетіп, «Қорғас» шекаралық аймағын дамыту қажеттігі туындап отыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Республикалық бюджетті нақтылаған кезде біз Алматы облысына, қазіргі Жетісумен бірге қосымша 98 миллиард теңге бөлдік. Соның жартысы Жетісу облысына бөлініп отыр. Осы қаражатты уақытында игеріп, барлық жобаларды өзінің графигі бойынша іске асыру керек. Ирригация дейміз. Оған біз қомақты қаражат бөлдік, басқа мәселеге бөлдік инфрақұрылымды дамыту үшін.

Айта кетейік, жаңадан тағайындалған Бейбіт Өксікбайұлы 1962 жылы Алматы облысының Бақанас ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын тілші болып бастаған ол, Сыртқы істер министрлігінде бірқатар лауазымды қызметтерді атқарған. Қазақстанның Пәкістандағы, Қырғызстандағы және Әзербайжан мен Түркиядағы елшілігіне жетекшілік етті. Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары, ал жыл басынан бері ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды. Енді бүгіннен бастап Жетісу облысының әкімі қызметін атқаратын болады.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев