Президент Үкіметті өткір сынады

Президент аса маңызды деген бірнеше салаға жеке тоқталып, кей тұста үкіметті өткір сынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру ісі баяу. Салада 40-тан астам ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Әр жүйенің өз кемшілігі бар. Министрлік болса, жауапкершіліктен қашып, нақты шешім қабылдамай отыр. Мұның зардабын дәрігерлер мен азаматтар тартуда. Президент «үкімет осы мәселені тез арада шешуі керек» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Медицина саласына бөлінген қаржы көлемі артқанымен, мұнда қордаланған мәселелер шешімін таппай отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауы керек.

Ендігі мәселе жол. Биыл 11 мың шақырымнан астам жолға жөндеу жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бірақ, бізде жөндеу жұмыстары сағызша тозылып кететіні жасырын емес. Әрі бұл саланы жемқорлық жайлаған.  Елде жол құрылысына қажетті материалдың бәрі бар. Бірақ, отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмайды. Мұны, тіпті, қолдан жасалған тапшылық деуге болады деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  Сондықтан Үкіметке жол құрылысына қажетті ресурстарды өндіру және тұтыну барысын мұқият саралауды міндеттеді. Соның негізінде құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындар ашылмақ. Ал, жұмыс істеп тұрғандары жаңғыртылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу. 2019 жылдан бері автожол саласында құны 1,5 триллион теңге болатын мемлекеттік келісім-шарттар жасалды. Соның 40 пайызын шетелдіктердің қатысы бар компаниялар ұтып алған. Біз шетелдік серіктестерімізге қолдау көрсетеміз. Олар үшін нарық әрдайым ашық болады. Бірақ, отандық компанияларымыз белсене қатыспайды. Үкімет жергілікті кәсіпорындар үшін бәсекелі орта қалыптастыруы керек. Кейбір ірі компаниялардың еңбек және материалдық ресурстары жеткіліксіз. Соған қарамастан, олар тендерді ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салады.

 «ҚАЗАВТОЖОЛ» МЕН «КАЗАХАВТОДОР» БІРІКТІРІЛЕДІ

«Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Сайып келгенде екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Сондықтан Президент Үкіметке «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодорды» біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруға пәрменберді. Қызметкерлердің саны да қысқарады.

ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ КЕРЕК

«Халық саны көбейген сайын тұрақты жұмыс орындары ашылуы керек. Бұл Президенттің келесі тапсырмасы. Бұл жағдай Маңғыстау облысында күрделі. Аймақта  жөнсіз жүргізілген көші-қон саясатының салдарынан күрделі ахуал қалыптасып отыр. Тұрғындардың саны көбейгенімен, әлеуметтік инфрақұрылым салынған жоқ. Жұмыс орындары ашылмады. Тұрмыс сапасы төмендеп кетті. Жұрт «ҚазМұнайГаз» компаниясына жұмысқа тұрғызуды, жоғары жалақы беруді талап етуде.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ашығын айтқанда, Жаңаөзендегі кен орындарының көпшілігі сарқылып барады. Бұл жағдай баршаға мәлім. Соңғы 15 жылда осы өңірде мұнай өндіру ісі 30 пайызға азайған. Соған қарамастан, жұмысшылар саны 50 пайызға көбейді. Еңбекақы төлеу қоры 10 есе артты. Ал, көп жалақы төленетін үш өңірдің бірі – осы Маңғыстау өлкесі. Нақты айтсақ, Жаңаөзен орташа еңбекақының ең жоғары деңгейі бойынша көш бастап тұр. Үкімет Жаңаөзенді дамыту үшін арнайы жоспар қабылдады. Республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөліп, салықты азайтып отыр. Осындай тікелей қолдау шаралары еліміздің басқа облыстарының есебінен жасалуда. Жұрттың бәріне мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес. Мұны ашық айтуымыз керек.

Сондықтан Президент «Үкіметке ішкі экономикалық ресурстарды жұмылдыратын жаңа тәсілдер әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте, халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасы түбегейлі қайта қаралады.  Тек Маңғыстау өңірімен шектелуге болмайды. Басқа облыстарға, соның ішінде өндірісі дамыған аймақтарға қоныстануға болады деді Президент.

«Тағы бір өзекті мәселе – өнімді сату. Өкінішке қарай, еліміздегі өнімнің бәрі бірдей дүкен сөресінен табыла бермейді. Импортпен қатар, ішкі кедергілер де бар. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мәселелері де аз емес. Олар тауардың үздіксіз жеткізілуін, өнім сапасының тұрақты болуын қамтамасыз ете алмайды. Басқа да талаптар бар. Әрине, мұның бәрін біртіндеп ретке келтірген жөн. Сондықтан, фермерлерге қолдау көрсету тәсілдерін бірлесе әзірлеуді тапсырамын».

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берілуі керек. Мұндай мүмкіндік олардың жұмысын жандандырып, салаға инвестиция тартуға жол ашады. Отандық тауардың сауда орындарына кедергісіз шығарылуын қамтамасыз ету керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондай-ақ, өнімге қосылатын бағаны нақты белгілеп, арада жүрген саудагерлер санын азайту қажет. Ол үшін, ең алдымен, жедел түрде тиісті заңнамалық шараларды қабылдауымыз керек. Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасын бастау үшін ұсыныстар әзірлеуге тиіс».

Мемлекет басшысы жаға ұстатқан жағдайларға да тоқталды. Соның бірі жекеменшік балабақшаларда бүлдіршіндерді ұрып-соғу. Бұдан бөлек жұмыс істемейтін балабақшаларға қаржы бөлу көбейіп кеткен.  Мұның бәрі олардың қызметі ашық емес екенін, азаматтық жауапкершілігі жоқтығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, қоғам талабына сай емес. 2011 жылы балабақшалардың лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібін тоқтаттық. Мемлекет бұл қадамға амалсыздан барды. Өйткені, мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен барынша қамтуымыз керек болды. Бұл ретте, жеке сектордың әлеуетін пайдалану маңызды еді. Нәтижесінде 2 және 6 жас аралығындағы балалардың 88 пайыздан астамы балабақшамен қамтылды. Енді қызмет көрсету сапасын арттыратын кез келді. Президент Үкіметке осы мәселені мұқият қарастыруды тапсырды. Сосын артспорт хақында айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ата-аналар балаларын бірден бірнеше үйірмеге беретін болды. Өкінішке қарай, мұндай теріс пиғыл басқа балалардың жолын кесіп отыр. Кемшіліктің бәрін түзетіп, осы игі бастаманы жалғастыру қажет. Әкімдіктер және мәслихаттар қосымша білімге бөлінетін бюджет қаражаты жетпей қалуы мүмкін деп алаңдап отыр. Білімге салынған қаражат – мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан, бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз. Үкімет пен әкімдер жұртшылықпен бірлесіп, жобаны жетілдіруге тиіс.

Президент Үкіметтің жұмысына орташа деген баға берді. Қазіргі кезеңде босаңсуға болмайды деді. Жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Жаңа, тың әдіс-тәсілдерді қолдану керек. Үкімет жедел әрекет ететін оперативтік штаб қана емес, нақты реформаларды ұсынатын және жүргізетін басты мемлекеттік мекеме болуы керек. Қазақстанда экономистер, кәсіпкерлер көп. Шетінен білімді, дарынды. Бірақ, олардың нақты ұсыныстары аз, тіпті, жоқ деп айтуға болады. Солндықтан Президент күзге қарай, мүмкін, кадрлық шешімдер қабылдау керек болады деді. Дағдарыс жағдайында бұл өте қажет екені түсінікті де.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы