Мемлекет басшысының халыққа үндеуі

Биылғы науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеуінде айтты, еп хабарлайды «Хабар 24».

Президент сол арқылы экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік туатынын мәлімдеді. Құжатта 2022 жыл жан-жақты реформалар мен нақты өзгерістер жылына айналғаны айтылған. Мәселен, маусым айында өткен референдумның нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа аралас жүйе бойынша жасақталады. Депутаттардың бір бөлігі партиялық тізіммен, қалғаны бір мандатты округтен сайланады. Конституциялық сот құрылып, алдағы қаңтар айынан жұмыс істей бастайды.  Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болды. Биліктің бірқатар өкілеттігі қайта бөлініп, кейбір құзыреттер Президенттен Парламентке берілді. Енді өңірлердің әкімдері баламалы жолмен таңдалады. Конституцияға жер және оның қойнауы халыққа тиесілі деген бап енгізілді. Жалпы соңғы үш жылда жасалған өзгерістер мен конституциялық реформа мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісін қалыптастырды. Сол себепті Президент Жолдауында сайлау мерзімін жария түрде және ашық айтқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Мен Жолдауымда бірқатар ауқымды әлеуметтік-экономикалық шаралар  қолға алынатынын жарияладым. Біз оның бәрін жақын арада жүзеге асыруымыз керек.  Көп ұзамай қоғамға сайлау алдындағы тұғырнамамды ұсынамын. Онда әлеуметтік-экономикалық дамуды көздейтін жаңа бастамалар айтылады. Мен Мемлекет басшысы ретінде сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беремін. Оны отандық және шетелдік байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өткізетін боламыз.  Барша азаматтарымызды жауапкершілігін сезініп, демократия, заң және тәртіп қағидаттарын берік ұстануға шақырамын. Еліміздің бірлігі мен тұтастығын көрсете білейік. Халқымыздың тағдыры, Қазақстанның болашағы әрқайсымыздың қолымызда. Біз Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз!