Президент Қарағанды облысын дамытудың басымдықтарын айқындады

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына барды. Президент өңір жұртымен кездесті. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың даму жоспарын қайта қарап, алпауыт кәсіпорындардағы қауіпсіздікке баса мән беру керектігін ескертті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы өңірден арна тілшісі Достық Талғатұлы тікелей байланысқа қосылып, Мемлекет басшысының жұмыс сапары барысын баяндады.

Достық Талғатұлы, тілші:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мінген ұшақ бірер сағат бұрын ғана Қарағанды жеріне қонды. Алдымен Президент шаһардағы оқушылар сарайында өңір халқымен кездесті. Мұнда Президент өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Президент Қарағанды облысын дамытудың басымдықтарын айқындады:

Біріншісі – өңдеу өнеркәсібін қолдау. Өңірде еліміздегі көмірдің үштен бірі, мыстың тең жартысы, ал болаттың 85 проценті шығады. Бүгінде экономиканың барлық саласында тұрақты өсім байқалады. Президент бұл бағыттың дамуын жалғастыру қажеттігін тапырды.

Екіншісі – өңірдің транзиттік-тасымал әлеуетін арттыру. Бұл бұлғыда Президент Қарағанды еліміздің географиялық қана емес, индустриалды орталығы екенін атап өтті.

Үшіншісі – моноқалаларды дамыту. Өндірістің едәуір бөлігі 5 моноқаланың еншісінде. Облыс тұрғындарының 40 пайызы осында қоныстанған.

Төртіншісі – экологиялық жағдайды жақсарту. Әрине облыс индустриалды болғандықтан экологиялық мәселе өзекті. Президент қоршаған ортаға зиянды қалдықтар көлемін кеміту қажеттігін айтты.

Бесіншісі – өнеркәсіп кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету. Президент бұл тұста өңірде қайғылы жағдайлардың жиі болатынын айтып, қауіпсіздікке баса мән беру қажеттігін тапсырды.

Алтыншысы – сумен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығын дамыту.Білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет инфрақұрылымын дамыту жетінші бағыт.

Сегізіншісі – облыс орталығын дамыту. Президент сөзінде қаланың бас даму жоспарының ескіргенін айтып, жаңа бағыт-бағдардың қажеттігіне тоқталды.