Мемлекет басшысы Павлодар облысына барды

Мемлекет басшысы Павлодар облысына барды

Мемлекет басшысының аймақтарға жұмыс сапары бұдан соң Павлодар облысында жалғасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен өңір жұртшылығымен кездесті. «Өздеріңізбен жүздесу үшін Ертіс бойына ат басын бұрдым. Бұл өңірге менің ықыласым ерекше екенін білесіздер. Павлодар облысы – еліміздің ең көрікті мекендерінің бірі»,- деді Президент. Мемлекет басшысы шын мәнінде, халықтың қолдауы – реформаларды табысты жүзеге асырудың ең басты кепілі екенін атап өтті. Президент Үкіметке аймақты газбен қамту мәселесін шешуді тапсырды. Былқылдақ өзенінің көп жылғы проблемасын көтерді. Өнеркәсіп өндірісінің дамуы экологияға зиянын тигізіп отырғанына назар аударды. Елдегі зиянды қалдықтардың үштен бірі осы өңірге тиесілі. Павлодар облысы елдегі мұнай-химия өнімдерінің үштен бірін, ферроқорытпалардың жартысынан көбін шығарады. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспорт көлемі бойынша да алдыңғы орында. Соңғы 3 жылда Павлодардың жалпы өңірлік өнімі 28 пайызға өсіп, 3,9 миллиард теңгеге жеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Павлодар бүкіл өңірдің даму орталығына, облыс халқының тұрақты әл-ауқатын және тұрмыс сапасын жақсартудың қозғаушы күшіне айналуы керек. Менің ойымша, бұл – әкімдік пен Үкімет алдында тұрған өте маңызды міндет. Осы жерде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Васильевич Скляр отыр. Ол – сіздердің жерлестеріңіз. Оған барлық мүмкіндік беріледі. Павлодар қаласының және бүкіл облыстың дамуына ат салысыңыз.