Президент Катар Әмірімен екі жақты келіссөз жүргізеді

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен жоғары деңгейдегі екі жақты келіссөздер жүргізіп, бірқатар маңызды құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр. 

Қазақстан мен Катардың екіжақты қарым-қатынастары тарихындағы маңызды оқиғаларға тоқталсақ. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылы орнады. Ал 1998 жылы президентіміз бұл мемлекетке алғаш рет ресми сапармен барды. Содан бері екі ел арасында жоғары саяси деңгейдегі өзара сенімді қарым-қатынас қалыптасып үлгерді. Бүгінде мемлекеттер арасындағы байланыс инвестициялық, әскери-техникалық, сауда-экономикалық салаларды қамтиды. Статистика агенттігі келтірген мәлімет бойынша биыл алғашқы жартыжылдықта өзара тауар айналымы 1,5 миллион доллардан асқан. Сондай-ақ шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни ертең Астанада өтетін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне қатысады.