Қазақстан – Түркия: тамыры терең ынтымақтастық

Жаңа ғана Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мемлекеттік сапармен Астанаға келді. Туыстас елдің басшысы алдымен президент Қ.Тоқаевпен кездеседі деп күтілуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онан әрі Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің IV отырысына қатысады. Бұл нешінші кездесу? Бұған дейін қандай шешімдерге қол жеткіздік? Кезекті кездесуде нендей маңызды шешімдер қабылданбақ? Қазақ пен түрік 5 мың шақырым қашықтық пен бір-бірінен ұзақ жылдар ажырап қалса да тілі, діні мен мәдениетінің бір екенін ұмытпай әрқашан да бір-біріне тілектес болып келді. Тәуелсіздігімізді алғашқылардың бірі болып туыстас түрік елі мойындағанын атап өткен жөн.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғашқы шетелдік мемлекет басшысының сапарын да 1991 жылдың наурызында Түркия Республикасының президенті Тұрғыт Өзал жасады. Сол күннен бастап екі елдің мемлекет басшылары 41 рет сапарлап келіпті. Оның 26-сы Қазақстан, 15-і Түркия тарапынан жасалған. Әр сапардың жөні бөлек. Дегенмен, әлемдегі жағдай күрделе тұрған тұста жаһан жұртшылығы бұл сапарға ерекше көз тігіп отыр, дейді сыртқы саясат институтының басшысы.

Хусейин Бағжы, сыртқы саясат институтының басшысы, профессор:

– Екі жақты ынтымақтастық көкжиегін одан да нығайтатын сапар жүзеге аспақ десек, кем айтпаймыз. Тоқаевтың елімізге жасаған сапары барысында қандай жылы әрі тығыз қарым- қатынаста екеніне бәріміз куә болдық. Қазақстан мен Түркия бір- біріне қолдау беретін екі ел. 30 жылдың ішінде де өзара ынтымақтастығымыз қарыштап дамыды. Түркі дүниесі мемлекеттері мен ұйымдарынан бастап, жаңа өңірлік және жаһандық өзгерістер жөнінде пікір алмасып, ортақ ұстанымды қалыптастыратын, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтатын кездесу болмақ.

Биыл Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағаны – 30 жыл. 1992 жылы алғашқы шетелдік елшілігіміз де осы Анкарада ашылды. Қазір елшіліктен бөлек Ыстамбұл, Анкара мен Анталияда консулдықтарымыз жұмыс істеп тұр. Екі ел арасындағы сауда көлемі 2021 жылы 4,1 млрд. долларға жетті. 

Мехмет Сейфеттин Эрол, Анкара дағдарыс және саяси зерттеулер орталығының басшысы:

– Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес алдында екі маңызды мәселе тұр. Біріншісі ынтымақтастық болса, екіншісі сенім. Келешекте Астана диалог пен бейбітшіліктің орталығы ретінде тарихта қалады. Бұл жолғы жиынның өтіп отырған уақыты да маңызды. Аймақтағы ел басшыларымен бетпе-бет кездесу нақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ал қос президенттің кездесуі екіжақты ынтымақтастықпен қатар түркі дүниесі мен өңір үшін өте маңызды болмақ.

Қазақстан үшін Түркия Жерорта теңізіне шығатын күре тамыр. Ал Түркия – Қазақстан арқылы Қытай нарығына шығуға мүдделі. Әлемдегі өзгерістер мен дағдарыстар жайлаған тұста бұл сапардың екі елге берер үлесі мол.

Авторы: Меруерт Қанағат