Тоқаев: Азаматы болмаса, мемлекет те болмайды

Республика күні қарсаңында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтар арасында достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқаны үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Тиісті жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Соған сәйкес, Қоғам қайраткері Қайырбек Сүлейменовке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Ал көрнекті жазушы Дулат Исабеков «Қазақстанның еңбек ері» атанды. Бұған қоса түрлі салада еңбегімен еленгендерге «Отан», «Барыс», «Парасат», «Достық», «Құрмет» ордендері табысталды. Әскери және құқық қорғау органдарының бір топ өкілі де орден, медальдармен марапаталды. Сондай-ақ өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және өзге де өндіріс салаларының 76 жұмысшысы мен еңбеккері, «Еңбек Даңқы» орденінің иегері атанды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын ғылым және мәдениет саласының 28 өкілі иеленді. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы 260 азаматқа табысталды. 

Дулат Исабеков, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері:

- Жасаған еңбектерім, дүинелерімнің бәрін жұрт құптап жатса, оқып жатса, оны мемлекеттің биік тұрғысынан бағалап жатса оған неге қуанбасқа. 80 жылдық еңбектің қорытындысы сияқты деп өзіңді бағалайсың. Өзіңе есеп бересің. мұның өзі жасыңа қарамастан тағы бір жинақылыққа, тағы бірдеңелерді түрткілеп жазуға адамды итермелейтін осы болар.  

Президент халықты ұйыстыратын символдарды атады 

Биылдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Бұл мейрамды жаңа мазмұнда атап өтіледі. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Сондықтан осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев, Ақордада мемлекеттік наградаларды табыстау рәсімінде осылай деді. Қазақстан халқын ұйыстыратын символдар, яғни Мемлекеттік ту мен тілдің маңыздылығына тоқалды.  «Республика» сөзінің мән-мағынасына да үніліп,  республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылатынын айтты.   

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- «Республика» сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына беретіні баршамызға белгілі. Бір сөзбен айтқанда, республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйткені азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды.