Оңтүстік Кореяда ынтымақтастық форумы өтті

Еліміздің Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Орталық Азия – Корея Республикасы» XV ынтымақтастық форумына қатысты. Пусан қаласында өткен шараға Корея, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның сыртқы істер министрлері де қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Форумда денсаулық сақтау, туризм, экология, цифрлық ынтымақтастық және экономикалық қауіпсіздік салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды. Мұхтар Тілеуберді Оңтүстік-кореялық әріптесі Пак Чжин-мен келіссөз жүргізіп, тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесуде келесі жылы Корея Президенті Юн Сок Ёлдің Қазақстанға сапары, жоспарланғаны белгілі болды.

Пак Чжин, Оңтүстік Корея сыртқы істер министрі:

– Корея мен Орталық Азия елдері COVID-19 туындаған дағдарысты еңсеру үшін денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын түсінеді. Соның ішінде медициналық мекемелер құру, медициналық кадрлар даярлау және фармацевтикаға қатысты байланыстарды нығайту керек. Энергия мен минералдық ресурстарға бай Орталық Азия елдері мен озық технологиялары бар Корея өзара тұрақты жеткізу тізбегін қолдау үшін  ынтымақтастығын бекемдей түседі деп сенемін.