М.Әшімбаев ТМД-дағы әріптестерін Президент сайлауын бақылауға белсенді қатысуға шақырды

«Ұлттық мүдделерді құрметтеуге негізделген ынтымақтастық ТМД-ның тұрақты дамуының іргетасы».

Самарқандта басталған Парламентаралық ассамблея кеңесінің отырысында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев осылай деді. Палата төрағасы ТМД-дағы әріптестерін алдағы 20 қарашада өтетін Президент сайлауын бақылауға белсенді қатысуға шақырды. 

Рауан Мыңбаев, тілші:

- ТМД-ның парламентаралық ассамблеясы заң шығарушы органдар арасындағы негізгі диалог алаңы. Кеңес мүшелері жылына екі мәрте жиналады. Көктем және күз айларында. Бұдан бұрын отырысы тек Санкт-Петербургте өтетін. Осы жолы депутаттар Самарқандқа жиналуды жөн деп шешкен. Сенат спикері бастаған делегация мұнда екі күндік сапармен келді. Жалпы ТМД-ға биыл Қазақстан төрағалық етуде. Сондықтан еліміз үшін ұйым шеңберіндегі әріптестікті орнықты негізде жалғастыру  маңызды болып отыр. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Кеңес отырысында ауқымды мәселелер қаралып отыр. Ғылым, білім беру, әлеуметтік саясат, адам құқықтары, мәдениет, туризм және басқа да ынтымақтастықтың өзекті бағыттары бар. Прагматикалық және өзара сенімділік бағытында бірлескен жұмысымызды дәйекті түрде жалғастыру өте маңызды. Біздің елдеріміздің ұлттық мүдделерін өзара құрметтеуге негізделген жан-жақты ынтымақтастық Достастық кеңістігінде ұзақ мерзімді орнықты дамудың іргетасы екені анық.

ТМД-ның Парламентаралық ассамблеясы  мүше мемлекеттерде жүзеге асатын саяси реформаларды бақылайды. Биыл Қазақстандағы конституциялық референдумға осы ұйым тарапынан байқаушылар қатысты. Алда елімізді тағы бір саяси науқан күтіп тұр. Мәулен Әшімбаев бұл өзгерістер арқылы мемлекеттің эвалюциялық даму жолына түсетінін атап өтті. Енді ТМД-дағы парламенттік құрылым өкілдері 20 қарашада өтетін президенттік сайлауға да шақырылып отыр.

Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Комиссия талқылаған мәселелердің ішінде ҚР Конституцияна өзгерістер енгізу туралы референдум талқыланды. Оны бақылау үшін ТМД-дан 57 адам келген. Әзербайжандық депутат бастап келді. Ол депутаттың баяндамасы өте жақсы, жағымды болды.

Қазақстан ТМД кеңістігіндегі ынтымақтастықтың ұлттық мүддеге сай жалғасқанын қолдайды. Мұндай байланыстың түрі экономиканың өсуі және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға жол ашуы тиіс. Еліміздің делагациясы бұл жолы экология мәселесін де көтермек. Аралдың жайы күн тәртібіне шығарылып, тараптардың ұсыныс-пікірі тыңдалады.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатуляганов