Маңғыстау облысында туризмді дамыту қажет – Президент

Қазір бүкіл әлемде туризм экономиканың маңызды саласына айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біз де еліміздің туризм индустриясын дамытуға баса мән беріп отырмыз",- деді мемлекет басшысы Маңғыстау өңіріне жасаған сапарында. Осы орайда ол Каспий жағалауындағы мемлекеттермен бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асыруды қарастырып, әсіресе, круиз туризмін дамытуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Маңғыстаудың ең ұтымды тұсы – Каспий теңізінің жағасында орналасуы. Соның арқасында жағажай туризмін дамытуға мол мүмкіндік бар. Ақтауда іске асырылып жатқан «Жылы жағажай» инфрақұрылымды дамыту жобасы аяқталып келеді. Үкімет туризм саласындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруы керек.

Сонымен қатар Президент экология мәселелерін шешу қажеттігін айтты. Экологиялық тепе-теңдік пен Каспийдің биоалуандығын сақтау – маңызды міндет. Бүгінде итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылуы жиілеп кетті. Бұған адам факторы және экологиялық ахуалдың өзгеруі әсер етіп жатыр. Итбалық Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Бұл жануардың жойылып кетпеуін және оның санын бұрынғы қалпына жеткізу Президенттің тікелей бақылауда.