Алматы бетоннан салынған орманға айналмауға тиіс. LIVE

Мемлекет басшысы осылай деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Алматы жұртымен кездесті. Жиында мәлім болғандай, жыл соңына дейін «Агломерацияларды дамыту туралы» жаңа заң қабылданады. Бұл құжат екі аймақтың арасындағы өзара тығыз байланыс орнатуға негіз болмақ.

АЛМАТЫНЫҢ ШЕТКІ АУДАНДАРЫ ДАМЫТЫЛАДЫ

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Иә, Аламтыдан сөйлеп тұрмыз. Осы Алматыда коммуналдық жүйе тозып барады. Ғимараттар бір-біріне өте тығыз орналасқан. Жолдарда кептеліс көп. Мемлекет басшысы қала жұртымен кездесуде алдымен осы мәселелерге тоқталды. Сосын «Алматының шеткі аудандарын дамыту керек», – деді. Әсіресе шеткі жақтарда әлеуметтік нысандар жетіспейді. Жұрт серуендейтін саябақ тапшы. Жер үй көп. Содан қыс айларында қара түтін қаптайды. Көлік және инженерлік инфрақұрылым да жеткіліксіз. Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдікке орталық пен шеттегі аудандардың арасында пайда болған осы теңсіздікті жоюға пәрмен берді. Әкімдік ауыз су мәселесін де 3 жылда толық шешуге тиіс.

АУЫЗСУ МӘСЕЛЕСІ ҮШ ЖЫЛДА ШЕШІЛЕДІ

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:  

- Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына баса мән беру қажет. Бірқатар ауданда орталықтан берілетін су жоқ. Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғынға орталықтан су беруді тапсырамын. Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосу керек. Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет. Бұл шаралардың арқасында 150 мың адамға су беріледі. Ерменсай және Барлық өзендерінен су тарту жүйесін де іске қосу маңызды.

Қ. ТОҚАЕВ ҚОЛЖЕТІМДІ ҮЙ САЛУҒА ПӘРМЕН БЕРДІ

Алматылықтың көпшілігі, әсіресе жастар үшін баспана – бас ауруы. Қалада пәтердің бағасы тым жоғары. Мемлекет басшысы: «Жастардың үйлі, күйлі болуына жан-жақты жағдай жасау керек», – деді. Бол үшін әкімдік не істеуі қажет? Алдымен жалға берілетін тұрғын-үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруы керек. Бірақ жалдамалы үйлер қымбатқа болмауға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:  

- Қалада тұрғын-үй тапшылығын азайту – аса маңызды міндет. Келесі жылдан бастап тұрғын-үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет. Әрине, Алматыда бос жер аз. Бұл жағдай құрылыстың қарқынын күшейтуге кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті, жаңа жерлерді игеру керек. Қалада 1500-ге жуық ескі үй бар. Шағын аудандарда тұрған мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізген жөн. Ал, жаңғыртуға келмейтіндерін сүріп тастау қажет. Әкімдікке осы шаруаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын.

Жұрттың наразылығын тудыратын тағы бір маңызды мәселе – мұнда үйлер тығыз салынады. Мемлекет басшысы: «Қала бетоннан салынған орманға айналмауға тиіс», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:  

- Алатаудың самалы қалада еркін есуі қажет. Бұл қаланың экологиясы үшін өте маңызды. Қала салу кезінде құрылыс компанияларының емес, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі ескерілуі керек. Заңдарымызда бұл жағдай нақты реттелмеген. Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, осы мәселені пысықтап, заңға тиісті түзетулер әзірлеуді тапсырамын.

ҚАҢТАР ҚАСІРЕТІ: АЛМАТЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

Қаңтардың басы қатты болды. Іштен шыққан жау жаманның кері келді. Солк кезде қырғын болған Алматы бүгінде қалпына келтірілді. Жиында Мемлекет басшысы сол бір қасіретке де атрнайы тоқталды. «Қастаңдық ұйымдастырған қарақшылардың қылмысын ақтауға жол берілмейді. Олардың бәрі лайықты жазасын алады», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:  

- Еліміздің алтын бесігі – Алматыны қиратып жатқаны осы қаланың перзенті ретінде менің де жаныма батты. Дегенмен дәл сол сәтте абдырап, уақыт ұттыруға еш қақымыз болған жоқ. Онда әбден дандайсып кеткен қарақшылар қаламызды күл-талқан етер еді. Өкінішке қарай, қазір кейбіреулер қылмыстық әрекетті халық көтерілісі деп ақтауға тырысып жүр. Тағы да айтамын: халықтың бейбіт шеруі мен қарақшылар жасаған қанды қылмыстың арасын ажырата білу керек. Біз жедел және батыл әрекет жасағанның арқасында ел ішінде дереу тәртіп орнаттық. Қабылдаған шешімдеріміз және іс-әрекетіміз бүкіл дүние жүзінде түсіністікпен мойындалды, тіпті қолдау тапты.

ПРЕЗИДЕНТ КӨЛІК КЕПТЕЛІСІН ШЕШУДІ ТАПСЫРДЫ

Алматыға келсең кептелісте тұрасың. Күн сайын қала жолдарында транзиттік жүктерді қосқанда 700 мыңнан астам көлік жүреді. Бұдан бірінші адам уақытын жоғалтады. Әрі экономика мен экологияға айтарлықтай зияны бар. Мемлекет басшысы үйлесімді және теңгерімді жол-көлік кешенін салуды міндеттеді. 

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев, Алмас Омарғалиев, Ділмұрат Сейдаханов