Түркістанда Халықаралық түркітанушылар конгресі өтіп жатыр

Ұлт ұстазы, мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Түркістанда Халықаралық түркітанушылар конгресі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған шараға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Ресейден белгілі ғалымдар қатысып, Алаш арысының еңбектері жайында баяндама жасады. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды оқып берді.

ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Рамос Габриеланың құттықтауы бейнежазба арқылы берілді. Ал ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Билял Чакыджы өз баяндамасын қазақ тілінде жасады. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында атқарылған маңызды шараларға тоқталды. Конгресс аясында Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық жинағы мен ғалымның қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде әзірленген таңдамалы шығармаларының және профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» 3 томдығы мен филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадықовтың «Серт», «Ұстаз жолы» кітаптарының тұсаукесері өтті.

Гүлжанат Ерджиласун, Анкара қажы Байрам Вели университетінің профессоры,Түркия Респубикасы:

- Кеңестік кезеңде біз әлі Ахмет Байтұрсныұлы немесе Алаш арыстарының атын атай алмаған кезде Түркияда Ахметтану туралы, оның шығармалары бойынша еңбектер, диссертация қорғалып жатты.  Биыл Түркияда А.Байтұрсынұлы кім дегенде жан-жақты таныстыратын еңбекті біз дайындап, оның тұсаукесері 8 желтоқсанда болады. Себебі 8 желтоқсан – Ахмет атамыздың атылған күні. Сол күні біз кітапты таныстырып, жылдың қорытындысын сол кітаппен жиынтықтайын деп отырмыз.