СҚО-да 655 сайлау учаскесі дайын

Сайлау комиссиясының мәліметі бойынша қазіргі уақытта 386 мыңға жуық сайлаушы тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – қаладағы 662 сайлау учаскесі. Комиссия мүшелері маңызды науқан алдындағы соңғы дайындықты пысықтап жатыр. Сайлаушылардың тізімі түгенделген. Шақырту қағаздары таратылған.

Жандос Базарбаев, №662 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:

– Сайлау алдында, әрине, өз дайындықтарымызды атқарып жатырмыз. Әрбір комиссия мүшесі біледі қандай жауапкершілікті атқаратынын. Өте бір күрделі сайлау болайын деп тұр. Мәнді, саяси мәні бар сайлау.

Бұл сайлау учаскесінде жергілікті 1595 тұрғын дауыс береді. Оның 12-і өз таңдауын алғаш рет жасайды. Ал жүріп-тұруы қиын жандарға комиссия мүшелері өздері барады. Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі адамдарға да барлық жағдай жасалған.   

Бахытгүл Ахметова, №662 учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі:

– Брайл әріптерінде кандидаттардың аты-жөні жазылған. Саусақпен жүргізе отыра мүмкіндігі шектеулі адамдар кандидаттарды өздері белгілеп-белгілеп отырады.

Жалпы Петропавл қаласы бойынша 94 сайлау учаскесі болады. Оның 10-ы жабық түрде жұмыс істейді.

Кеңес Мұқышев, қалалық сайлау комиссиясының төрағасы:

Сайлау комиссияларында 700-ден астам қазіргі уақытта комиссия мүшелері жұмысын атқарады. 734 адам жұмысын атқарады. Олар барлығы толықтай жұмысқа, сайлауға тартылған.

Сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, облыс орталығында 160 мыңнан аса адам дауыс беру құқығына ие. Жексенбі күні қалада автобустар тегін жүреді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков