Сайлау-2022: әлемнің 53 мемлекетінде 68 сайлау учаскесі жасақталған

Астана уақытымен сағат 19.00-дегі жағдай бойынша осы учаскелерде 7,5 мың қазақстандық өз таңдауын жасап үлгерген. Қазір АҚШ пен Бразилияда дауыс беру жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жапония мен Оңтүстік Кореяда дауыс беру Астана уақытымен таңғы төртте басталды. Жапонияда 200-дей сайлаушы тіркелген. Бұл негізінен сдутенттер, докторанттар мен жергілікті компанияларда жұмыс істейтін отандастарымыз. Ал Оңтүстік Кореяда 130-дан аса адам дауыс берген. 

Юрий Цой, сайлаушы:

Кореяда тұрсақ та Қазақстан жаңалықтарын жібермейміз. Осы қазір реформа басталайын деп жатыр. Президент 7 жылға сайланатын болады.

Шетелде ең көп сайлау учаскесі Ресейде ашылды. Қазақстандықтар Мәскеуде, Санкт-Петербург, Астрахань Омбы және Қазан қалаларында дауыс берді. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың сайлауға қатысу белсенділігі 70 проценттен асқан. Көрші ел астанасында өткен сайлау барысын 5 бақылаушы қадағалаған.

Ал Таяу Шығыста сайлау учаскелері Египетте, Сауд Арабиясы, Иордания, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері мен Израильде жұмыс істеді. 

Түркияда қазақстандықтар үшін 3 сайлау учаскесі ұйымдастырылды. Олар – Анкара, Ыстамбұл мен Антальяда орналасты. Сайлаушылардың басым бөлігі осы елде білім алып жүрген жастар мен туристер болды. Арасында танымал спортшымыз Илья Ильин де бар.

Илья Ильин, спортшы:

Бұл менің азаматтық ұстанымым. 18 жасқа толған күннен бастап үнемі сайлауға қатысып келемін. Әлемнің қай бұрышы болмасын. Мәселен, ең соңғы саяси додаға Ұлыбританияда қатыстым. Міне, бүгін Анкарада тұрмын.

Гүржі астанасы Тбилисиде де отандастарымыз үшін сайлау учаскесі жұмыс істеді. Ресми мәлімет бойынша оған 100-ден аса адам тіркелген.

Ерлан Әбішев, Тбилисидегі №227 сайлау учаскесі комиссиясының мүшесі:

Сайлаушылардың барлығы дауыс берді. Олар Грузияда өмір сүретін қазақстандықтар мен студенттер. Дауыс беру кезінде ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ.

Кәрі құрлыққа келер болсақ, мұнда бас-аяғы 20 сайлау учаскесі ашылды. Оның үшеуі Германияда ұйымдастырылды. Президенттікке үміткер 6 кандидаттың біріне қазақстандықтар Берлин, Майндағы Франкфурт және Мюнхен қалаларында дауыс берді. Жалпы, комиссия мүшелерінің хабарлауынша, сайлауға қатысуға алдын ала 300-ден аса адам тіркелген.

Искандер, студент:

Бүгін осында өз таңдауымды жасау үшін келдім. Бірақ алдын ала интернетте әр үміткердің сайлауалды бағдарламасымен танысып шықтым.

Биыл Украинада сайлау учаскелерін ұйымдастыру мүмкін болмағандықтан, Киевтегі қазақ дипломаттары Польшаға барып дауыс берді. Ол үшін Варшава қаласында нөмір 271 учаске ашылды.

Айта кетейік, сайлауға ең соңғы болып АҚШ пен Бразилияда жүрген қазақстандықтар қатысады.