Жамбыл облысында 50-ге тарта әлеуметтік-медициналық нысан ашылады

Жамбыл облысында 13 жаңа мектеп ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мектептерде он мыңға тарта оқушы оқитын болады. Тағы 30 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандары пайдалануға беріліп, 3 аудандық аурухана жаңғыртылады. Сонымен қатар биыл коронавирусқа қарсы отандық вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыт құрылысының екінші кезеңі аяқталады. Бұл туралы Премьер-Министр Жамбыл облысының активімен кездесуінде айтты. Әлихан Смайылов әкімдіктің алдында өңірді одан әрі әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту және президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру бағытында жауапты міндеттер тұрғанын атап өтті. Ал қайта тағайындалған облыс әкіміне азаматтардың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыру жөніндегі барлық жоспарлардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Жалпы инвестициялық жобалар санын көбейту керек. Жыл сайын республикалық тұрақты негізде тиісті қаражат бөлініп келеді. Мәселен биыл Жамбыл облысына республикалық бюджеттен 228 млрд теңге сомасы трансферттер бөлінген болатын. Одан басқа Үкімет резервінен тағы да 21 млрд теңге қаражат бөлдік биыл. Жалпы 250 млрд дейін қаражат республикалық бюджеттен Жамбыл облысына биыл бөлінді. Бұл шығыстар бірінші кезекте өңірдің инфрақұрылымын дамытуға және әлеуметтік қажеттіліктеріне жұмсалады.