Әлихан Смайылов цифрландыруды енгізу мәселелері бойынша комиссия отырысын өткізді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Президент жанындағы цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында интернет сапасын жақсарту, байланыс инфрақұрылымын және жаңа цифрлық өнімдерді дамыту жоспарлары талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 2023-2027 жылдарға арналған «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасын әзірлеу барысы және мемлекеттік органдардың деректерін цифрландыру барысы туралы баяндады. Әлихан Смайылов 1 ай мерзімде «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасын пысықтап, оны басқа мемлекеттік органдармен келісуді тапсырды, сондай-ақ деректер базасын жаңғырту кезінде ақпаратты 100% қорғауды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар отырыста ауыл шаруашылығы жануарларын тіркеуге және ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың жыл сайынғы тізімдемесін жүргізуге мүмкіндік беретін «VET-Mobile» мобильді қосымшасын енгізу және елдегі бағаналар жүйесін дамыту мәселелері қаралды.