Президент жылу электр орталықтарын жаңғырту туралы тапсырма берді

Елдегі жылу электр орталықтарының үштен бірі 50 жыл бұрын салынған. Бүгінде орташа тозу деңгейі 66%-ке жетіп отыр. Кейбірінде 80%-тен асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Риддер мен Шемонайхада түгел тот басқан деуге болады. Мәселе бұған дейін бірнеше рет көтерілді. Президент нысандарды жаңғырту туралы нақты тапсырма берді. Бірақ іске асырылуы салғырт. Осының салдарынан қыстың көзі қырауда Павлодар, Теміртау, Степногорск, Балхаш, Қарағанды, Ақтөбе және Риддерде құбырлар жарылып, жұрт жылусыз қалды. Ал Екібастұздағы жағдай саланың қаншалықты қараусыз қалғанын көрсетті.

Президент Үкімет пен әкімдіктерге кешенді тексеру жүргізіп, кейінгі жылдары мүлде жөндеу жүргізбеген меншік иелерін қарастыруды тапсырды. Ал Екібастұз халқына өтемақыны орталықтың заңды иесі мен мемлекет бөліп төлейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты режимде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ іс жүзінде жағдайдың қалай болып жатқанын көріп отырсыздар. Павлодар облысының әкімі өз өтінішімен қызметінен босатылды. Ал құзырлы мемлекеттік орган – Энергетика министрлігінің ешқандай әрекетін көрген жоқпыз, бұл мекеме апатқа селқос қарап, бейтараптық танытты. Сондай-ақ төтенше жағдай қызметтерінің жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Олар баяу қимылдап, салғырттық танытты.

"Мұндай жағдайға тариф саясатының дұрыс жүргізілмеуі де себеп. Нысандарды күтіп ұстауға және жаңғыртуға қажетті қаражат тариф есебінен бөлінуі керек. Бизнестен шығынға батып жұмыс істе деп талап ету орынсыз. Әр нәрсе жөнімен жасалуға тиіс. Мен бұл туралы Жолдауда айттым. Бірақ нақты әрі нәтижелі жұмыс әлі атқарылмай отыр. Жаңа тариф саясатының ережелері бекітілген жоқ. Тарифтерді қарастыру және келісу үдерісі жабық есік жағдайында өтеді. Табиғи монополия субъектілерінің міндеттемелерді орындау тәртібін тиісті деңгейде қадағалау керек", - деді Президент.