Қазақстан мен Өзбекстан одақтас мемлекет атанды

Бүгін Қазақстан мен Өзбекстан одақтас мемлекет атанды. Бұл бір. Екіншіден ағайынды елдер арасындағы шекара толық шегенделді.

Президенттер Ташкентте тиісті шарттарға қол қойды. Сосын мұны «тарихи күн» деді. Жалпы қазақ пен өзбектің қатынасы енді қарқын алады. Екі жақта да бірлескен кәсіпорындар құрылады. Соның бірі - Қарағандының Саран қаласында салынады. Зауытта газ плитасы, ауа сорғыш құрылғы, шағын пеш, кір жуатын машина, теледидар секілді жылына 1 миллион тұрмыстық техника шығарылады. Кәсіпорын 2025 жылы іске қосылады. Екіншісі – Шымкентте бой көтереді. Жаңа кәсіпорында инфузиялық ерітінді әзірленеді. Ал, Қостанайда Chevrolet көліктерін шығаратын зауыт салынады. Өзбекстанның Науаи облысында минералды тыңайтқыштар өндірісі, Ташкент облысында логистикалық орталық пен Ташкент қаласында тұрғын үй және коммерциялық нысандар бой көтереді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірлескен жобалардың табысты жүзеге асуына тілектестік білдіріп, құрылысты салтанатты түрде бастап берді.