Мәулен Әшімбаев Алматыда депутаттармен кездесті

Сенат пен мәслихат депутаттарының арасында өзара байланысты арттыра түсу қажет.

Жоғарғы Палата өңірдің тыныс-тіршілігінен, ондағы шешімін күткен түйіткіл мәселелерден хабардар болуы керек. Яғни нағыз өңірлердің мүддесін қорғайтын органға айналуға тиіс. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы қалалық мәслихатының депутаттарымен кездесуінде осылай деді. Басқосуда елімізде жүргізіліп жатқан кешенді демократиялық реформалар мен саяси жүйедегі жаңғыртулар жан-жақты талқыланды. Оған қоса, Мәулен Әшімбаев еліміздегі ең ірі Алматы агломерациясын дамыту үшін Сенат пен мәслихат депутаттары бірлесіп жұмыс істеуі керектігін де атап өтті.

Мәулен Әшімбаев , ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Қабылданған заңдардың аясында мәслихаттарға жаңа құқықтар, жаңа құзіреттер берілуде. Бұл үрдіс ары қарай да жалғасатын болады. Сондықтан алдағы уақытта жергілікті өкілді органдардың жұмысы қазіргіден де жандана түседі деп сенеміз.

Станислав Канкуров, қалалық мәслихаттың хатшысы:

- Біздің депутаттар көп ұсыныс берді. Мысалы, құрылыс саласында, жастарды қолдауға 1339 жеңіл өнеркәсіпті дамытуға басқа да ұсыныстар берді. Осы салалар бойынша біз тікелей жұмыс жасайтын боламыз.

Сенат Төрағасы Алматы қаласындағы «Алатау» әлеуметтік қызметтер орталығының ұжымымен де кездесті. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсетіп, елімізде осы бағыттың жандануына қосқан үлесі үшін осындағы мамандарға өз алғысын білдірді.