«ҚазМұнайГаз» ҰК мен БАӘ-нің ең ірі «Абу-Даби Портс Групп» компаниясы бірлескен кәсіпорын ашады

Бұл кәсіпорын Қазақстанның кеме флотын дамытуға көмек көрсетеді және жас теңізшілерге әмірліктердің жетекші порттарында тәжірибе алуына мүмкіндік береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған ресми сапары барысында кеңейтілген келіссөздер нәтижесінде 9 құжатқа қол қойылды.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Қаңтар Әмірліктердегі ең суық ай саналады. Бірақ ауа температурасы +25-тен төмен түспейді. Сондықтан біздің жақтың ұзақ қысы қаһарына мінгенде қазақстандық туристердің таңдауы осы әмірліктерге түседі. Бұл мезгіл ресми келісімдер жасасуға да қолайлы көрінеді, себебі осыдан тура 3 жыл бұрын, дәл осы қаңтар айында Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне алғашқы ресми сапармен келген.

Бұл – екінші сапар. «Әл-Уатан» сарайында Қазақстан президентін Мұхаммед бен Заид әл Нахаян қарсы алды.

62 жастағы шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаян 7 әмірлікке жетекшілік етуді өткен жылдың мамыр айында ағасы шейх Халифа қайтыс болған соң түбегейлі қолға алды. Президенттер кездесуді бірден кеңейтілген келіссөзден бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдағы шетелдік сапарын Әмірліктерден бастағанын баса айтты, себебі...

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әмірліктер – ислам және араб әлеміндегі біздің сенімді әрі басты стратегиялық серіктесіміз. Сіздің еліңіз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанға қолдау көрсетіп келеді. Қазақ халқы мұны ешқашан ұмытпайды. Әсіресе елордамызды көркейтуге Араб Әмірліктері зор үлес қосты. Бұл – шынайы достықтың айқын көрінісі. Былтыр біздің елдеріміздің арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды, осы кездері түрлі саладағы ынтымақтастығымыз нығая түсті. Мазмұнды әрі ашық саяси диалог жолға қойылды. Шын мәнінде бұл салада жетістіктер аз емес. Бірақ келешекте жаңа келісімдерге, жаңа жетістіктерге қол жеткіземіз деп мен ойлаймын.

Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 700 млн доллардан асқан. Қазақстан Әмірліктерге шикі мұнай, мырыш, қой мен ешкі етін сатады, ал біз бұл елден тыңайтқыштар мен автокөлік бөлшектерін импорттаймыз. Алайда шейх Мұхаммедтің шамалауынша, елдер арасындағы байланысты биіктете түсу керек, мысалы ғарышқа дейін.

Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті:

- Елдеріміздің энергетика, ғарыш, технология, сауда салаларындағы ынтымақтастық әлеуеті жоғары деп санаймыз. Осы сапар барысында жаңартылатын энергия саласында маңызды құжаттарға қол қойылды. Келісілген жобалардың толыққанды жүзеге асатынына зор үміт артамын. Елдеріміздің ауаға таралатын көміртегі мөлшерін азайту жөніндегі жоспарлары да ұқсас. Біріккен Араб Әмірліктері көміртегі бейтараптағына  2050 жылға дейін жетуді жоспарласа, Қазақстан бұл мақсатты 2060 жылға дейін орындауды көздеп отыр. Бұл – біздің болашақ ұрпақ үшін өте маңызды мәселе.

Бүгін қос тарап өкілдері тоғыз құжатқа қол қойды. Соның бірі – үкіметаралық стратегиялық инвестициялық жобаларды құру туралы бірлескен декларация. 2011 жылдан бері Әмірліктер Қазақстанға 2 млрд доллар инвестиция салды деген дерек бар. Тараптар енді суда серіктестік орнатпақ. Бүгін «ҚазМұнайГаз» бен «Абу-Даби Портс Групп» бірлескен кәсіпорын ашу туралы келісімге келді.

Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

- Бұл біздің келісімге сәйкес 2 компания арасында бірлескен кәсіпорын ашылатын болады. Негізінде осы жұмыстар қазір басталды. Біз оны Астана халықаралық қаржы орталығында тіркейтін боламыз. Жалпы мына серіктестік бізге не береді? Ең біріншіден, бізге қарайтын «Қазморттранспорт» деген мекемеміз бар, 17 кеме оның ішінде Каспий теңізінде де, сонымен қатар Қара теңізде де жұмыс істейтін танкерлер, буксирлер және контейнер тасымалдайтын кемелер бар. Сол серіктестік аясында біз бірлесіп, сол кеме флотын дамытатын боламыз. Яғни, үлкен серпіліс беретін сөзсіз. Оған ешқандай күмәніміз жоқ.

Тағы бір маңызды келісім, енді қазақстандық теңіз академиясының түлектері Абу-Дабиде оқып, шеберлік шыңдайды.

Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

- Өте маңызды келісімнің бірі, бұл біздің жастарды порттарда жұмыс істеуге жіберетін боламыз.

Қазақстанның Энергетика министрлігі мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы әлемдік көшбасшы «Masdar» компаниясы да бүгін келісімге қол қойды. Бұл компания Қазақстанда қуаты 1 ГВт-қа дейінгі жел электр станцияларын салуға атсалысады.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Еділ Ермекбаев, Дулат Ермекбаев.

.