Қ. Тоқаев: Ортақ мақсат жолында бірігуіміз керек

Заңды сыйлайтын елдің қашанда ұпайы түгел. "Алдағы сайлауды Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деуге болады. Қоғамның түрлі өкілдерінің мүддесін  партиялар арқылы қорғау мүмкіндігі артады". Мемлекет басшысы Сенат қабырғасында осылай деді.

Елде Сенат құрамын жаңарту үдерісі аяқталды. Мемлекет басшысы Жоғары палата қабырғасында сөйлеген сөзінде заң шығару қызметін сапалы атқаруға барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Ауқымды реформаларды жүзеге асыруға сенаторлар белсене ат салысқан. Бірнеше жаңа партия ресми түрде тіркелді. Ең бастысы осынау бастамаларға қоғам өкілдері қолдау білдіріп отыр. Бұл Жаңа Қазақстанға деген зор сенімнің көрінісі деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түсті. Бұл реформалар билік институттары жүйесінің тепе-теңдігін қалыптастырады. Елдегі саяси үдеріске азаматтардың қатысуына жол ашады. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыра түседі. Біздің осы бастамаларымызға қоғам өкілдері қолдау білдірді. Ауқымды жаңғырту жұмысын жүргізуге мүмкіндік туды. Соның арқасында бірнеше жылда айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. Бірақ, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алда әлі ауқымды жұмыс бар.

Мәжіліс пен мәслихаттардың аралас моделін қалыптастыру да өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне айтарлықтай ықпал етеді. Мемлекет басшысы осыған сенімді. Сол себепті наурызда өтетін сайлау негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртудың соңғы сатысы болатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бізде саяси көзқарасы әртүрлі партиялар бар. Кандидаттардың түрлі мәселе бойынша ұстанымдарының бірдей болмауы да заңды құбылыс. Бірақ, көзқарастары мүлде қабыспайтын ымырасыз қарсыластардың өзіне  ортақ құндылықтар бар. Ол – біздің қасиетті Отанымыз және қастерлі Тәуелсіздігіміз. Өйткені, Тәуелсіздік үшін күрес күнделікті еңбекпен және елдік саясатпен тығыз байланысып жатыр.

Президент, заңға қайшы келмесе, пікір алуандығына шек қойылмайтынын айтты. Дегенмен, Сайлау елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керектігін ескертті. Бірнеше аптадан кейін саяси науқан басталып, кандидаттар үгіт-насихат жұмысына кіріседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Салмақты саяси күштер халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, нақты мәселелерін шешуге ерекше назар аударады. Әлеуметтік маңызы бар идеялар мен бастамаларға барынша көңіл бөледі. Еліміздегі партиялардың көпшілігінде мемлекетшілдік ұстаным бар. Бұл – жақсылықтың нышаны.

Иә, елде ресми тіркелген партия саны артты. Мемлекет басшысы: "Олар халықтың мүддесін тиімді қорғай білуге тиіс", - деді. Саяси жүйені орнықты дамытуда оның маңызы зор.