Президент «Бәйтерек» ҰБХ АҚ Басқарма төрағасын қабылдады

Былтыр «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі 350 миллиард теңге пайда тапқан.

Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен бес есе және 2021 жылғы нәтижеден үш есе көп. Осылайша рекордтық көрсеткіш болып отыр. Бұл жөнінде бүгін Президент қабылдауында болған «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев мәлімдеді. Сондай-ақ, холдинг былтыр құны 685 миллиард теңге болатын 238 ірі жоба мен лизингтік мәмілелерді қаржыландырған. Шағын және орта бизнесті қолдау аясында сомасы шамамен 1,5 триллион теңгені құрайтын 50,5 мың жобаға субсидия берген екен. Сонымен қатар Қанат Шарлапаев халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету аясында жалпы құны шамамен 1,4 триллион теңге жеңілдетілген ипотекалық қарыз берілгені, құны 211,8 миллиард теңгені құрайтын үлестік құрылысқа кепілдік жасалғаны, кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін әкімдіктерге 176,4 миллиард теңге бөлінгені туралы баяндады. Осылайша, қолдау шараларының нәтижесінде 2,2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, ипотекалық кредит беру есебінен 79 865 отбасы тұрмыстық жағдайын жақсартты. Кездесу соңында Мемлекет басшысы бизнесті одан әрі қолдаудың маңыздылығына баса назар аударып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға «Бәйтерек» холдингінің белсенді атсалысуы қажет екенін айтты.

Былтыр құны 685 миллиард теңге болатын 238 ірі жоба мен лизингтік мәмілелер қаржыландырылды. Шағын және орта бизнесті қолдау аясында сомасы шамамен 1,5 триллион теңгені құрайтын 50,5 мың жобаға субсидия берілді.