Сенатта өңірлердің мәселесі қаралды

Биыл облыстардағы жылу электр орталықтарын жөндеуге қажетті қаражат бөліне бастайды. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өңірлік саясат жөніндегі парламенттік тыңдау кезінде мәлім етті.

2025 жылға дейінгі трансферттер тағайындалғанда да бұл шығындар ескерілді. Мәулен Әшімбаев өңірлерде жылу электр орталықтарындағы құрал-жабдықтардың 66%-і тозғанын ерекше атап өтті. Кейбір облыста бұл көрсеткіш тіпті 90%-ке жетіп қалған. Мемлекет басшысы ұсынған жаңа тарифтік саясатты тез арада іске қосу қажет, - деді Сенат төрағасы. Сондай-ақ ол тасжолдарды қалпына келтіру, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және мектептер салу сынды өзекті мәселелерді қозғады.

Мәулен Әшімбаев ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Республикалық және өңірлік бюджеттер арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған трансферттер көлемі туралы заңды қараған кезде де жаңа өңірлік тәсілдерді ескеріп жұмыс істедік. Нақты айтқанда, жылу және сумен жабдықтау желілерінің тозуын азайту мәселелерін назарға алдық. Сондай-ақ өңірлердің басқа да маңызды қажеттіліктерін қамтамасыз етуге көңіл бөлінді. Алдағы уақытта Сенат осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырып, өңірлердің дамуын басты назарда ұстайды.

Мәулен Әшімбаев өңірлерде тұрып жатқан халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселесіне тоқталды. Ол үшін шағын бизнесті дамытуға басымдық беру керек, - деді. Биыл 52 млрд теңге бөліп, азаматтарға 11 мың микронесие беру жоспарда бар. Бұған дейін Жамбыл облысында осындай пилоттық жоба іске қосылған. Оның нәтижелері де жоқ емес. Сенаторлар бағдарламаның орындалуын қатаң бақылауда ұстайды.