М.Әшімбаев спортта инклюзивті орта қалыптастырудың маңызын айтты

Астанада боччадан қалалық турнир өтті.

Жарысқа 60-қа жуық адам қатысты. Бұл жолғы бәсеке паралимпиадалық спортты елімізге әкеліп, оны дамытуға үлес қосқан Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған. Мүмкіндігі шектеулі жандар бірнеше жас деңгейі және бірнеше санат бойынша өзара мықтыны анықтады. Енді солардан қалалық құрама жасақталып, алдағы Қазақстан чемпионатына қатысады. Ішкі біріншілік 1 маусымда өтеді. Турнир ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сайыстар мүгедектігі бар балалардың қоғамға бейімделуіне ықпал етеді. Сенат Төрағасы әрі республикалық бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев спорт саласында да инклюзивті орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Сенат Төрағасы:

- Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, балаларды қорғауға үлкен мән берілуде.  Бұл мәселе біздің президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да басты назарында. Соңғы кездері Парламентте осы бағытты дамытуға, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қорғауға, оларға инклюзивті  ортаны қалыптастыруға бағытталған көптеген заңдар қабылданды. Мемлекеттік органдардың тарапынан да көптеген жұмыстар жасалуда.