Ұлытау облысының жұмысшыларына сайлаудағы дауыс берушінің құқығы түсіндірілді

«Адал сайлау үшін» республикалық қоғамдық штабының төрағасы Серік Ақылбай Ұлытау облысында өндіріс еңбеккерлерімен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаражал қаласындағы және Жәйремдегі кен байыту комбинаты мен марганец кенішінде қарапайым жұмысшыларды толғандырған сауалдарға жауап берді. Сайлау туралы заңнамадағы дауыс берушілердің құқықтарын түсіндірді. Аталған 3 кәсіпорында 3,5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Жалпы, «Қазақстан заңгерлер одағы» қоғамдық бірлестігі жанынан құрылған «Адал сайлау үшін» штабының 14 өңірде филиалдары жұмыс істейді. Құрамында 150-ге жуық жоғары білікті заңгер бар. Штаб өкілдері саяси науқанға дейін республика бойынша 100 мыңнан астам азаматқа құқықтық кеңес беруді мақсат етіп отыр. Заңгерлер мұндай кездесулерден бөлек азаматтарға онлайн кеңестер де береді.

Серік Ақылбай, «Адал сайлау үшін» РҚШ төрағасы:

- Адам өзінің құқығын біліп үйрену керек. Міндетті түрде сабақтар болу керек. Онсыз қазіргі уақытта ұмтылып отырған Жаңа Қазақстан құру мүмкін емес. Сондықтан да біз осы сайлаудың алдында әдейі шығып, халыққа олардың сайлаудағы құқықтарын түсіндіреміз.