БҚО-да сайлау учаскелерінің дайындығы пысықталды

Батыс Қазақстан облысында 504 сайлау учаскесі құрылған. Барлығы 689 сайлау комиссиясы жұмыс істейді.

Бұл комиссиялардың құрамында 4 мыңнан аса адам бар. Осы аймаққа жұмыс сапарымен барған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров облыстық, аумақтық, учаскелік және округтық сайлау комиссияларының маңызды саяси науқанға дайындығын пысықтады. Орталық және жергілікті сайлау комиссияларының алдындағы ең басты міндет – сайлауды өз деңгейінде өткізу. Бұл ретте комиссия мүшелерінің қатысуымен практикалық, әдістемелік форматта өтетін іскерлік ойындардың маңызы зор. «Сайлау сапалы, жоғары деңгейде өтуі үшін сол сайлау процесіне қатысатын адамдар өз міндеттері мен құқықтарын нақты білуі тиіс»,- дейді семинарды ұйымдастырушылар.      

Шавхат Өтемісов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

- Ерекше назар аударатынымыз мына мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасау туралы. Оларға арнайы кабиналар болу керек, оларға егер көмек болса тиісті құрал-жабдықтары болу керек. Сонымен қатар жалпы комиссия қалай жабдықталған? Ақпараттық тақта бар ма? Ол ақпараттық тақтада келген сайлаушыға толық алатын мәлімет бар ма? Сайлау комиссиясының отыратын орындары, соның бәріне назар қойып, егер көзге түсетін кемшіліктер болса соларды жою туралы ұсыныс-пікірлерімізді айтып жүрміз.