Қазақстан-Канада байланысы қарқын алды

Торонтода «Тау-кен металлургия саласындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» атты Қазақстан-Канада бизнес-форумы өтті. Шара барысында тараптар аталған саладағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылады. Халықаралық көрмеде алғаш рет Қазақстан Ұлттық павильонының ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұрбек Бекен, тілші:

- Соңғы 10 жылда тау-кен өнеркәсібі шарасына Қазақстан делегациясы үзбей қатысып келеді. Дегенмен биыл бірінші рет жоғары деңгейдегі делегация Торонтоға табан тіреді. Канадалық инвесторларға ұлттық павильон арқылы елімізді жан-жақты таныстыру көзделген. Үйеңкі жапырақты мемлекет те тау-кен металлургия өнеркәсібін дамытуға басымдық береді. Қазақстанда да мұнай мен газдан кейін экономикада тау-кен саласының үлесі мол. Сондықтан инвестордарды асыл және түсті металдардың 60-тан астам кен орнын игеруге шақырды.

Алмас Айдаров, ҚР СІМ орынбасары:

- Үлкен делегация келіп отыр. 60-тан сатам адам келді. Жекеменшік компаниялар көбінде. Олар таныстырып жатқан 50 шақты кен орындары бар. Өзіңіз білетіндей, Қазақстанда ревизия өтті. Кейбір инвесторлардан игерілмеген кен орындарын үкіметке қайтадан қайтарып, солардың алпыстан астамы қазір бос. Соларға аукцион өткізіліп жатыр. Соны жариялау үшін осы шараға инвесторларға алып келген ұсынысымыз осы болып табылады.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Қазақстан Орталық Азияда үйеңкі жапырақ елдің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Былтыр Қазақстан мен Канада арасындағы тауар айналым 838,6 млн долларды құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 69,2%-ға артық. Соңғы 10 жылда Канада Қазақстан экономикасына шамамен 2,7 млрд доллар тікелей инвестиция салған.

Даррен Клинк, инвестор:

- Біз 18 айдан бері Павлодар облысында жұмыс істеп жатырмыз. Негізінен мысты алтын өндіру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Біздің жер қойнауындағы қазба байлықтың көлемін анықтайтын зерттеу жүргізетін командамыз бар. Негізінен әлемде сұраныс көп бағалы минаралдарды іздеп табу басты міндетіміз.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Қазақстан-Канада бизнес форумының соңында бірқатар екіжақты меморандум бекіді. Соның ішінде «Қазақмыс Корпорациясы» мен First Quantum компаниясы геологиялық барлау жобаларын бірлесіп жүзеге асырмақшы. Ал Bureau Veritas компаниясымен елімізде халықаралық геохимиялық зертхана құру туралы құжатқа қол қойылды.

Авторлары: Нұрбек Бекен.