БҰҰ - Қазақстан ынтымақтастығының 30 жылдығы атап өтілді

Астанада БҰҰ-ның Қазақстанмен ынтымақтастығының 30 жылдық мерейтойына орай арнайы іс-шара өтті.

Оны ұйымның Тұрақты үйлестірушісінің кеңсесі мен Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырды. Халықаралық ұйым осы уақыт аралығында елімізде 400-ден аса ірі жобаны жүзеге асырған. Олардың қатарында теңсіздікті жою, экономиканы әртараптандыру және халықтың осал топтарын қолдау бастамалары бар. Шараға қатысушылар БҰҰ-ның 2021-2025 жылдар аралығында тұрақты даму саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру тәжірибелерімен бөлісті.

Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі:

- БҰҰ-ның Қазақстандағы 30 жылдығын атап өтіп жатқанымызға қуаныштымыз. Осы уақыт аралығында көп жұмыс атқарылды. Елдің дамуын қолдауда қол жеткізген жетістіктерімізді мақтан тұтамыз. Алда басқару мен заң үстемдігін нығайту, тұрақты экономикалық өсуге жәрдемдесу, адам әлеуетін арттыру, гендерлік теңдік және климаттың өзгеруі сияқты мәселелерді шешуге көңіл бөлмекпіз. Ынтымақтастығымыз Қазақстан халқының жарқын болашағын құруға көмектесетініне сенімдіміз.