Президент Жолдауы: жаңғыруға бетбұрыс қадамдары

Мемлекет пен қоғам арасында сындарлы серіктестікке жол ашу маңызды. Бұл алдымыздағы биік мақсаттарға қол жеткізу үшін қажет. Осы ұстаным негізінде Президент былтырғы Жолдауында 10 бағытты атап көрсетті. Әрқайсысы еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік өміріндегі елеулі өзгерістерді көздейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейінгі жылдары еліміз жаңғыруға түбегейлі бет бұрды. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Нақты міндеттер ел Президентінің «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында қамтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек», - деді. Соның бірі ұлтты ұйыстыратын Ұлттық құрылтай құру бастамасы болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бабаларымыз  ел тағдырын айқындайтын тарихи шешімдерді бүкіл халық болып ақылдасып, бірге қабылдаған. Ұлытауда, Ордабасы мен Күлтөбеде өткен ұлы басқосулар – соның айқын дәлелі. Келелі жиында айтылған кесімді сөзге алты Алаштың баласы түгел тоқтаған. Біз бірліктің бастауы болған осы дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады.

Жаңа құрылым елдегі қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырды. Әр саланың белді тұлғалары, қоғам қайраткерлері, қарапайым еңбеккерлер, бір сөзбен айтқанда, ел жанашырлары Ұлттық құрылтайдың айналасына топтасты.

Ерлан Ахмеди, саяси сарапшы:

- Алғашқы құрылтайдың жиналысы баршамызға белгілі қазақ мемлекеттілігінің кіндігі болып табылатын Ұлытау жерінде, Жошы хан мазарының қасында өткен болатын. Сол келелі кеңесте Мемлекет басшысы да тың бастамаларды көтерген болатын. Құрылтайға қатысқан азаматтар өздерінің пікірлерін айтып, нақты болашақта ел қалай дамуы керек деген сияқты өз жүректерінен шыққан, халықтың көкейінде жүрген әртүрлі мәселелерді көтерген болатын. Егер де тарихқа сүйенетін болсақ, бұл біздің дәстүрімізде, генетикалық кодымызда бар нәрсе, яғни құрылтайда үлкен елдік мәселені шешу.

Жолауда әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы қадамдарға мән берілді. Азаматтардың конституциялық құқығын қорғау күшейтілді. Енді Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын Конституциялық сот қамтамасыз етеді. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігі берілді.

Риззат Елубаев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:

- Адам өзінің құқығын, әсіресе конституциялық құқығын қорғау мәселесінде, оны жүзеге асыру барысында баратын орган болу керек және бүгінгі таңда конституциялық соттың атқаратын мәселесі осындай. Бұл, біріншіден, мемлекетке деген сенімділікті арттырады. Екіншіден, заңның басымдылығына деген сенімді арттырады. Үшіншіден, елде қорғау механизмдерінің ашықтығын және жариялылығын көрсетеді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірнеше облыс біріктірілді. Оған сол тұстағы экономикалық ахуал себеп. Қазір еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуымен тікелей байланысты. Президент жаңа 3 облыс құрылатынын жариялады. Халық қалауын ескере келе, Абай, Ұлытау және Жетісу өңірлері қайта жаңғыртыла бастады.

Ғабит Тұрсынбай, Жетісу облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі:

- Барлық облыстық басқармаларда департаменттер құрылып, сонымен қатар аудан, қала әкімдіктерінің барлығы қалпына келтіріліп, олардың тиісті атаулары Жетісу облысы болып өзгертіліп, бүгінгі таңда толық құрамда жұмыс істеп жатыр деп айтуға негіз бар. Себебі 90%-тен астам кадр құрамы жасақталды. Оның сыртында бір қуантарлығы облыстағы басқармалардың басшылығына жастардың көптеп тағайындалуы. Жастар келіп жатыр, мұның өзі Жетісу облысының болашақ табыстарының кепілі, соның негізі бүгінгі таңда қаланды деп айтуға болады.

Президент атап өткендей, бұл жолдаудың да мән-маңызы айрықша еді. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді. Ауқымы кең, мазмұны бөлек үдеріс біртіндеп қалыптасып, жылдар бойы жалғасады. Басты қағида – кез келген мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын ел болып, бірге іздеу.