Елде саяси мәдениет нығайып келеді

Сайлау кезінде бірінші кезекте партиялардың бағдарламасына ерекше мән беру қажет. Сайлаушылар дауыс беру кезінде осыны ескергені жөн. Мұндай пікір «Sarap» эксперттік клубының отырысында айтылды.

Жиын барысында саяси науқан алдындағы дайындық деңгейі мен қоғамның белсенділігі де талқыланды. Елде саяси мәдениеттің нығайып жатқаны сөз болды. Сондай-ақ сарапшылар үгіт шаралары кезіндегі бірқатар мәселелерге қатысты пікір білдірді.

Олжас Бейсенбаев, Қоғамдық даму институтының сарапшысы:

- Партиялар мен жеке кандидаттар негізінен акцентті әлеуметтік платформалардағы жұмысқа салып отырғаны байқалады. Бірақ өңірлік деңгейде ол мына «Есіктен есікке» деген акциялар бар ғой, сол акциялардың әлі де тиімді екенін көріп отыр. Яғни, сайлаушыларға қолма-қол ақпарат тарату. Тікелей байланыс орнату. Дегенмен әлеуметтік желіде жетіспей жатқан олқылықтардың орнын тікелей эфирлерде сіздердің телеарналарыңызда болып жатқан пікірсайыс соның орнын толтырып отыр деп айтуға болады.